Бүгін әлем назары Америкаға ауып тұр. Саяси сарапшылар «Жаһандық үкімет» деп ат қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының 74-сессиясы өз жұмысын бастамақ. Ұйымның бас мінбері орналасқан Нью-Йоркке 100-ге жуық мемлекет басшысы, 80-нен астам саясат серкесі келіп үлгерді. Қазақстандық делегацияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастап келді. Президент жиын алаңында оннан астам екіжақты кездесу өткізуі тиіс. Сондай-ақ, кіл мықтылар бас қосатын жалпы дебатта баяндама жасайды. Биылғы пікірсайыста кедейшілікпен күрес, білім сапасын жақсарту, климатты, қоршаған ортаны сақтау мәселелері көтеріледі. Сессияда қазақ басшысының сөз алуы ең алдымен, әлемдік және аймақтық мәселелерге деген көзқарасымызды ашық білдіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, бір үстел басына жиналған алпауыттардың ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктерімен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді.