«Манчестер Юнайтед» пен «Астана» матчын тамашалауға отандастарымыз Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Манчестер Юнайтед» пен «Астана» матчын тамашалауға отандастарымыз Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен келген

20.09.2019

Еуропа лигасының топтың кезеңі аясында L тобындағы «Астана» футбол клубы сырт алаңдағы алғашқы кездесуін өткізді. Қарсылас осал емес, әлемге әйгілі «Манчестер Юнайтед». Бірақ «Астана» футболшылары алаң қожайындарының белсенді шабуылдарын кері қайтарып, тек бір голды өткізіп алды.

«Манчестер Юнайтед» пен «Астана» ойыны алдындағы әйгілі «Олд Траффорд» стадионы сыртындағы атмосфера осындай. Көптен күткен тарихи матчты тамашалау үшін отандастарымыз Манчестерге Ұлыбританың түкпір-түкпірінен келген. Алғашқы таймда алаң қожайындары қанша шабуыл ұйымдастырғанымен Астана футбол клубының қақпасының кілтін таба алмады. Жерлестерімізге сәттілік серік болды. Бұл жерде елордалық клубтың голкиппері Ненад Эричтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сондай ақ «Астана» футболшыларының алғашқы 45 минутта гол соғатын мүмкіндігі болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ жігіттер мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Есеп ойынның екінші бөлігінде ғана, нақтырақ айтатын болсақ, кездесудің 73 минутында ашылды. Гол авторы «Манчестер Юнайдет» ойыншысы Мейсон Гринвуд. Осыдан кейін екі клубтың да таблодағы есепті өзгертуге мүмкіндігі болғанымен, барлық шабуылдар нәтижесіз болды. Қорытынды есеп 1:0 Манчестер Юнайтедтің пайдасына шешілді.

Оле-Гуннар Сульшер, «Манчестер Юнайтед» ФК бас бапкері:

Алғашқы таймда «Астана» қақпасына біз 4-5 соғуымыз керек болатын. Егерде бірінші болып есеп ашпасаң, одан әрі ойнау қиын, бұл жолы да қиын болды. Екінші таймда ойын ырғағымен пас беру ойдағыдай болған жоқ. Дегенмен Мейсон есеп ашты және жеңіске жету үшін бұл жеткілікті болды.

Роман Григорчук, «Астана» ФК бас бапкері:

Футболшылар бар күш жігерін салып ойнап, үлкен жұмыс атқарды. Ойын нәтижесіне позитивті қарау керек деп ойлаймын. Әрине алдағы уақытта кездесу барысында жіберілген қателермен жұмыс істейтін боламыз.

 Индира Бектенова, тілші:

  «Астана» футбол клубы 1:0 есебімен есе жіберді. Бірақ жеңілістің ащы дәмі сезілмейді. Өкініш те жоқ. Өйткені Роман Григорчук шәкірттері жақсы ойын өрнегін көрсетті. Енді «Астана» ойыншылары турнир кестесіне сәйкес, Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі өзге матчтарға дайындықтарын бастайды.

Индира БЕКТЕНОВА


Хабарламаларға жазылу