Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Абайдың 175 жылдығына арналған шараларға қатысты

20.09.2019

Хәкім Абай Құнанбаевтың 175 жылдығында атқарылатын іс-шаралар топтамасы пысықталуда. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия барлық аймақтағы зиялы қауымның пікірін ескеріп жатыр. Ал бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет өкілдері Абайдың жатқан жері Жидебайға барды.

Ербол Мәндібек, тілші:

Шығыс Қазақстан облысы Абайдың 175 жылдығына  айрықша дайындалуда. Ескі дүние қайта жөнделіп, қажет делінген әлеуметтік ғимараттар жаңадан салынуда. Инфрақұрылым тартылуда. Осы өңірге арнайы келген Үкімет мүшелері, бірінші кезекте Өскемен, Семей қалаларында болды және бүгін Абай ауданына арнайы келді. Бірінші кезекте, аудандағы әлеуметтік мекемелерді аралап, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтің сапасын тексерді. Және де халықпен кездесу өткізіп, әуелі мемлекеттік -әлеуметтік саясаттың барлық бағыттарын түсіндіріп берді. Сондай-ақ халықпен болған кездесуде дәл осы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына дайындық барысы талқыланды. Жергілікті халықтың айтуынша, барлық мекемелер осы айтулы ұлы ақынның мерейтойын абыроймен атқаруға барын салып бағуда. Барлық мүмкіншіліктер қарастырылуда. Сондай-ақ бүгін билік өкілдері ұлы ақынның жатқан жері әйгілі Жидебайға арнайы келді. Бұл жерде алдағы уақытта ауқымды іс-шаралар атқарылады. Сондықтан мұнда да инфрақұрылым тартылып, қажет деген дүниелер барлығы жаңғыртылуда. Себебі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына еліміздің әр түкпірінен, сонымен қатар әлемнің көптеген елдерінен туристер келетіні белгілі. Сондықтан халық та, билік те осы мерекені абыроймен атқаруды тілеп отыр. 

Төлеген Жанғалиев, ақын:

175 жылдық мерекеде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының, сіздің, құрметті Бердібек Машбекұлы және облыс басшысы Даниял Кенжетайұлының арқасында дүниені дүр сілкіндіретін той болатынына кәміл сенеміз!

Ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Оның құрамын тек  билік өкілдері ғана емес, сонымен қатар елімізге танымал ғалымдар да бар. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тек той үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін өнеге етіп өткізуіміз қажет»,- деді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: 

Киіз үй тігіп, пәленбай адамды шақырып, тамақ ішіп, ат шаптырып кеткенде емес, ол — ұмытылып қалады. Ал жаңағыдай жасасақ, ол — мәңгілік қалады. Мектеп салу, орталық салу, ол да қалады ертеңгі ұрпаққа. Әсіресе, мынадай аумалы-төкпелі заманда.

Ербол Мәндібек, тілші: 

Үкімет мүшелерінің Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасуда. Негізінен үш мәселе қамтылуда, бірінші кезекте, Прездент Қасым-Жомарт Тоқаетың Жолдауы халыққа жан-жақты түсіндірілуде және мемлекеттік-әлеуметтік бағдарламалардың орындалу барысы сұрастырылуда.  Сондай-ақ ұлы ақын Абай Құнандаевтың 175 жылдық мерейтойына дайындық барысы пысықталуда. 

Ербол МӘНДІБЕК  


Хабарламаларға жазылу