Ақтөбеде көпір құрылысы тұрғындарға қауіпті болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде көпір құрылысы тұрғындарға қауіпті болып тұр

18.09.2019

Ақтөбеде көпір құрылысы тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Жаңадан салынып жатқан көпір тұрғын үйлерге тым тақалып кеткен. Соның салдарынан баспаналардың қабырғасы қақырап, жарық пайда болған. Ал жергілікті әкімдік тұрғындарға өтемақы беріп, үйлерді басқа жаққа көшіруді қарастырмаған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өздеріңіз көріп тұрғандай, үйлерге дейінгі аралық бар болғаны 7-8 метрдей ғана. Жоспар бойынша бұл жерге көпірдің екінші жолағы түсуі керек. Тұрғындар ол кезде үйлерінен де шыға алмай қалуы мүмкін.

«Бұл маңайда тұратындар көпір құрылысы басталғалы түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылдық»,- дейді. Себебі шаң-тозаңнан көз ашпайтын көрінеді. Оның үстіне құрылыс салдарынан үйлердің қабырғасы жарылып жатыр.  

Болатбек Сақтағанов, қала тұрғыны: 

«Бері қарай жылжытамыз»,- дейді. Сонда біз қай жағынан өтеміз? Не ана жақтан, не мына жақтан кіре алмайсың. Ешқандай ескертілген жоқ бізге. Мұндай болатынын жағдайдың.

Амалы таусылған тұрғындар үйлерін жаппай сатылымға шығарып жатыр. Дегенмен көпір жанында орналасқан баспаналарға ешкім қызығушылық танытар емес.

Әлқуат Шегенбаев, қала тұрғыны:

Үйде трещина беріп жатыр. Өзі ескі үй. Оны сататын ақшасы аз. Үйдің іші көгала шаң. Жазда далаға шығудан қалды балалар.

Қала билігі шаһардың қос ауданын жалғайтын ескі өткелді бұзып, орнына екі жаңа көпір салуға 2 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Оның бірі бірнеше күн бұрын ғана пайдалануға берілді. Алайда жаңа көпір үлкен көліктерге тарлық етіп, кептеліс жиі болып жатыр.  

Марат Баймурзин, қала тұрғыны: 

Жаяу жүретін пешеходтың белгісі жоқ. Ағылып жатыр. Кеше мені машина қағып кетті. Ана жүргізуші тоқтады да, «Аға, менің кінәм жоқ, белгі жоқ», дейді. Былай заңмен қарасаң оныкі дұрыс.

Ал әкімдік өкілдері құрылыстың талапқа сай жүріп жатқанын алға тартады. Үйлерді бұзып, тұрғындарды басқа жаққа көшіру де жоспарларында жоқ. Баспаналары бүлінген тұрғындардың шағымын арнайы комиссия қарайды. 

Наваи Әмірбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің инспекторы: 

Тұрғын үйлерге дейін кіріп-шығатын орын қарастырылады. Қауіпсіздік үшін арнайы бетон тіреулер құйылады және дыбыс өткізбейтін қабырға болады. Комиссия қабырғалары жарылған үйлерді тексеріп шығады. Оның қорытындысынан кейін мердігер мекеме өз қаржысына жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Жоспар бойынша көпірдің екінші бөлігі келесі жылдың соңында қолданысқа берілуі тиіс. Демек әзірге бұл жердегі жұрттың жанын шүберекке түйіп, өмір сүрулерінен басқа амалдары жоқ.  

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу