Алматыда жиhаз цехында өрт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жиhаз цехында өрт болды

17.09.2019

Алматыда жиһаз жасайтын өндіріс орны мен қойма өртенді. Төтеншешеліктер оқиға орнына дер кезінде жетіп, қызыл жалынды түгел сөндірді. Дегенмен өрттің себебін анықтау барысында күлге айналған цехтан белгісіз адамның денесі табылды.

Қазір оқиға орнында полицейлер зерттеу жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшыларының сөзінше, қаза тапқан 59 жастағы әйел осы мекемеде жұмыс істеген. Әзірге оның ғимаратта қалай қалып қойғандығы белгісіз.

Салтанат Әзірбек, Қалалық ІІД ресми өкілі:

Қылмыстық кодекстің екінші бабының үшінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті процедуралық әрекеттер қолға алынды. Мекемелердің лауазымды тұлғалары және осы өндіріске қатысы бар қызметкерлер міндетті түрде сұрақ-жауапқа алынатын болады.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Алапат өрт бүгін 12-лер шамасында басталған. Мұнда 20-ға жуық техника мен 60-тан астам адам жұмыс істеді. Олар отты 2 сағатта өшірді. Олардың сөзінше, мұнда ағаштан және матадан жасалған материалдар мен бояулар сақталған.

Ерлан Әлібеков, Қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

Цехтардың ішінде арнайы сентепон және мақтадан жасалғаннан кейін бұл өте жылдам жанатын затқа жатады. Бірақ қазір осы жерде біздің арнайы зертханамыз осы орында. Жанған орны мен себебі бәрі анықталуда.

От жиһаз цехында жұмыс жүріп жатқанда тұтанған. Жұмысшылар тез арада қоймадағы заттарды шығару үшін жанталасты. Оған жергілікті тұрғындар да көмектесті.

Фогел Андре, кәсіпорын басшысы:

Мен бұл жерде болған жоқпын. Өрттің неден шыққандығын да білмеймін. Жиһаз жасауға арналған материалдар мен құрылғылар өртеніп кетті. Абырой болғанда, біразын шығарып үлгердік.

Мақсат Қиқымов, Жетісу ауданының әкімі:

Кәсіпорында өрт шығып, бірден материалдар сақталған қоймаға жетті. Біз тез арада жергілікті тұрғындарды көмекке шақырдық. 80-ге жуық адам өз еркімен заттарды шығаруға атсалысты. Олар көмектеспегенде көп шығын болар еді.

Өртенген аумақтың көлемі - 1200 шаршы метр. Оны тез арада өшіру үшін өрт сөндірушілерден бөлек, полицейлер мен су тасымалдайтын көліктер жұмылдырылды. Қазір мамандар оқиға орнын қоршауға алып, өрттің қалай шыққандығы мен адам өлімінің себебін анықтауға кірісті.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу