Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын түзеп, табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба іске асырылады. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов бүгін Үкімет отырысына арнайы қатысып жобаны таныстырды. Оның айтуынша, жергілікті халықтың ұсыныстарымен 5 бағыт қарастырылып отыр. Олар: үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау-мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру. Бұл 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталған.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:
Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, Сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артуы есептелген.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Барлығымыз Жамбыл облысының экономикасын жақсы білеміз, дотациялық өңір. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Өзін өзі жұмыспен қамтитындардың ең көбі де осы Жамбыл өңірінде. Оның ішінде тұрақты табысы жоқ ауылда тұратындардың да 60 пайызы Жамбыл өңірінде екен. Сондықтан ұсынылған жоба өте дұрыс. Ең негізгісі ауылда тұратындардың өзін өзі асырап, тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізеді.
Ербол МӘНДІБЕК