Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінде ТОП-40-қа енбек - Үкімет отырысы

17.09.2019
Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінде ТОП-40-қа енбек - Үкімет отырысы

«Сауда және көлік инфрақұрылымының даму деңгейі Дүниежүзілік банктің LPI рейтингімен өлшенеді. Индекс елдердің сауда логистикасын дамытудағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктерін айқындауға жәрдемдеседі. Қазақстан бұл рейтингте 2018 жылдың қорытындысы бойынша 71-ші орынды иеленді. Еліміз 2025 жылға қарай топ-40 елдің қатарына кіруі қажет. Олар – Израиль, Исландия, Малайзия сияқты елдер», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Министрдің дерегінше, сауда және көлік инфрақұрылымының сапасы, халықаралық тасымалдауларды ұйымдастырудың жеңілдігі, кеден және шекара бақылауының тиімділігі, сондай-ақ жүк тасымалын бақылап отыру мүмкіндігі рейтингтегі тежеуші факторлар болып отыр. «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін Дүниежүзілік экономикалық форум есептейді. 

Бұл рейтингте Қазақстан 2018 жылдың қорытындысы бойынша 59-ші орынға ие болды. 2025 жылға қарай еліміз алғашқы 40 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл Италия, Эстония, Чили сияқты елдердің деңгейі. Бұл рейтингтегі тежеуші факторлар: қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен даму деңгейі, денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі, инфрақұрылымның сапасы мен даму деңгейі, инновациялық әлеует, АКТ-ның даму деңгейі, сондай-ақ жеке меншікті қорғау», - деді Руслан Дәленов. 

Осы ретте министр Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде кедендік ресімдеудің тиімділігін өлшейтін құрамдауышты ерекше атап өтті. Бұл фактор бойынша Қазақстан 64-ші орында. 

2025 жылға қарай алғашқы 40 елдің қатарына кіру міндеті тұр. Бұл Израиль, Чехия, Чили сияқты елдердің деңгейі. «Бұл факторда елімізге кедендік тексеру пунктерінің өткізу қабілеттігін жақсарту, сондай-ақ кедендік тексеру жүйесінің тиімділігін арттыру қажет», - деді ведомство басшысы.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу