Жалған дипломмен сабақ беріп келген 34 мұғалім анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған дипломмен сабақ беріп келген 34 мұғалім анықталды

16.09.2019

Ақтөбеде жалған дипломмен жұмыс істеген 34 мұғалім анықталды. Білім саласындағы былық тексеріс барысында әшкере болды.

Прокурорлардың назарына іліккендердің 11-і қала мектептерінде, 13-і мектепке дейінгі ұйымдарда, жетеуі колледждерде жұмыс істеген. Тағы үш маман өзге білім беру нысандарында еңбек етіп келген. Дегенмен олардың құжатты кімнен және қалай алғандары әзір белгісіз. Дипломды қаншаға және қайдан сатып алуға болатынын прокурорлар да айта алмады. Алайда жалған құжат дайындап берумен айналысатын 20-ға жуық сайт анықталып, бұғатталған. Егер күдіктілер табылып, кінәсы дәлелденсе, оларға айыппұл салынады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Жалған дипломмен жүргендердің бесеуі Димаш Құдайберген оқыған музыка колледжінде сабақ берген.

Есет Әзімов, Алматы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры: 

Алған дипломдары расталмаған 34 педагог жұмыс жасайтынын көрсетті. 5 оқытушы фортепиано мамандығы бойынша жоғары білім беру дипломы бар негізінде музыкалық колледжде еңбек етеді. Алайда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мәліметіне сәйкес, аталған пән бойынша мамандарды оқытып шығармайды.

Ж. КЕМАЛ  


Хабарламаларға жазылу