Атасу кенті мен Аппаз ауылының арасын бөліп тұрған темір жолдан өту тұрғындар үшін қауіпті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атасу кенті мен Аппаз ауылының арасын бөліп тұрған темір жолдан өту тұрғындар үшін қауіпті

16.09.2019

Қарағанды облысындағы Атасу кенті кенті мен Аппаз ауылының арасын темір жол бөліп жатыр. Осы аралықтан күнде жүздеген адам жаяу қатынайды. Көпір салынбағандықтан, тұрғындар шойын жолдан жанын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр. Әсіресе аудан орталығындағы мектепке баратын баласы үшін жұрт қатты алаңдайды. Кейде қаз-қатар тізілген вагондар станцияда сағаттап тұруы мүмкін. Ондай кезде шаруасына асыққан тұрғындардың вагонның астынан өтуден басқа амалы жоқ. Жергілікті халықтың айтуынша, осы күнге дейін теміржолдан ондаған адам жарақат алып, көпшілігі мүгедек болып қалған. Көпір салу мәселесі жылдар бойы көтеріліп келгенмен, әзірге нәтиже жоқ.

 Елубай Көпбаев, Аппаз кентінің тұрғыны:

Мына шойын жол өте қауіпті. Көрші азамат жұмысқа асығып бара жатып, аяғын поезд басып кетті. Одан тағы бір екі жігіт қаза тапты. Біреуі мүгедек. Осыны біз бірнеше рет арыз беріп, жол бойының мекемелеріне айттық. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Бақытжан Мұқанов, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:

Көпірді салуға біраз уақыт кетеді. Бюджеттік өтініш болады. Бюджеттік кодекс бойынша біраз нәрселер қаралады. Егер ҚТЖ бізге сол жерді беріп, сол жерге сіздер жобалық сметалық құжаттамалар әзірлеңдер деген жағдайға біз жасауға дайынбыз. Аталған жұмыстарды жандандырамыз.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу