Өскемен тұрғындары қоғамдық көлік қызметінің сапасына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен тұрғындары қоғамдық көлік қызметінің сапасына наразы

16.09.2019

Өскемен тұрғындары қоғамдық көліктің қызмет сапасына наразылық білдіріп жатыр. Қаладағы жолаушылар проблемасы Ұлттық арнаның жаңалықтарынан көктемде көрсетілген еді. Сол кезде айтылған мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Жолаушылар кейбір автобусты сағаттап күтеді. Соның өзінде келген көлікке сыймай қалады. Ал автобус парктері көлік жүргізішілерінің тапшылығын айтып, субсидия төлеуді сұрап отыр. Осы жолы тұрғындар жолды жауып тастап, тасымалдаушы компанияға жанайқайларын тағы бір рет жеткізді. 

42-бағыттағы автобус жүргізушісі лық толып келе жатқан көлікті шұғыл бұрғанда жолаушылар наразылық білдіріп, соңы жанжалға ұласқан. Қоғамдық көліктің қызмет сапасына онсыз да ыза тұрғандар ақыры жолды жауып тастайды. Ол жерге дереу жергілікті билік мен басқа да құзырлы орган өкілдері жиналып, халықтың шағымын тыңдады. 

42-ші автобус теміржол вокзалынан бастап шаһар шетіндегі әскери қалашыққа дейін қатынайды. Проблеманың өзегі осы бағытта күнделікті 5-6 автобус қана жүруінен шығып тұр. Ал кесте бойынша 11 автобус болу керек. Автопарк өкілдері көлік жүргізушілері жетіспейтінін айтып ақталды. 

Автобустағы жүргізуші мен кондуктордың халықпен дөрекі сөйлесетіні де сынға ілікті. Тұрғындарды қала әкімі сабырға шақырып, облыс орталығында жолаушылар тасымалын жақсарту үшін билік тарапынан қандай шаралар жасалып жатқанын айтты. 

Жақсылық Омар, қала әкімі:

Жекеменшік компаниялар ойына келгенін істемеу керек. Бұл жерде сіздің де, біздің де кінәміз жоқ. Бірақ халық біздікі болғаннан кейін ол мәселені шешеміз. Облыстан 4,7 милиллиард теңге ақша бөлінді. Қазан айының ортасында 20, ал келесі жылдың наурыз айына дейін жаңа 65 автобус әкелеміз. Сөйтіп Өскеменге үлкен, 15 метрлік 85 автобус келеді. 

Көп ұзамай наразы халықтың ашуы басылып, жол ашылды. Ал бүгін осы тақырып қалалық әкімдікте кеңінен талқыланды. Жиынға автобус паркінің басшылары да қатысып, не себептен қызмет көрсету сапасы төмен екенін түсіндіруге тырысты. 

Қанат Қалелов, автобус паркінің директоры:

2014 жылы заң қабылдап, «Д» категериясына 5 жыл оқу туралы шешім қабылданды. Бұл ешкімге қызық емес. Мысалы, былтыр 3 адам ғана осы «Д» категориясын алып, оның біреуі ғана бізде жұмыс істейді. Көлік жүргізушелері жетіспейді. 

Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға мемлекет тарапынан субсидия беру, тарифті қайта қарау мәселесі де қозғалды. Қала әкімі электронды билет жүйесі енгізілмейінше ешкімге қаржылай қолдау берілмейтінін ескертті. Сонымен қатар, тендерді ұтып алған компания келісімшартта көрсетілген талаптардың барлығын орындауға өздері келіскендерін еске салды. Жиын қортындысы бойынша жолаушылар тасымалы мәселесімен айналысу үшін Өскеменде арнайы жұмыс тобы құрылды.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу