Адам зорлағандарға қандай қатаң жаза қолданылмақ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адам зорлағандарға қандай қатаң жаза қолданылмақ?

14.09.2019

Адамның арын таптаған азғындардың әрекетін айттық, оларға кесілетін жазаның біздің елде жеңіл екенін және ескертті жұрт. Бұрыннан бастасақ былай. Тәуке ханның Жеті жарғысында «Әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі» делінген. Ал кісі өлтірушінің жазасы – өлім болған. Демек азғындық қоғамға бүгін жабысқан дерт емес. Асқар Сүлейменовтың «Өлімге берер жаным бар - пендеге берер арым жоқ» дегені кез келген саналы адамның кеудесінде сайрап тұратын қағида. Егер бәзбіреу адамның арына қолсұқса біз жазалауға міндеттіміз. Қылмыскерді түрме түзете ме, жоқ па ол бөлек әңгіме. Бастысы азғындар балаға көз сүзіп, қыз-келіншекке қарап ойы бұзыларда қылмыстың арты ауыр болатынын білуі шарт. Мәселен, Қытайда адам зорлағандар өлім жазасына кесіледі. Иранда азғынды атып немесе асып тастайды. Америкада адамның арын аяқ асты еткендер кемі 30 жылға түрмеге тоғытылуы мүмкін. Биыл Қазақстанда адамға зорлық-зомбылық көрсеткендерге қарсы заң күшейтілсін деген ресми үндеу мен көптің көкейіндегі өкпе көп айтылды. «Ашық алаңда да» азғындарға қандай жаза кесу керек деп сұрадық? 

Кәмелетке толғандарға ауыр жаза сұрасақ, ал 18-ге толмаған ұл-қыздың арын аяқ асты еткен арсыздарды қалай жазалау керек? Қоғамда қазір алуан-алуан пікір бар. Ресми дерек бойынша, педофилдер кастрацияға кесіледі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бері Қазақстанда кастрация жасауға үкім алған 11 сотталушы бар екен. Үкім енді жүзеге аспақ. Бұл жерде де мәселенің екі ұшы бар. Бізде қылмыскерге кастрация жасауға ципротерон таңдап алынған. Өткен жылы аталмыш препаратты сатып алуға 9,6 миллион теңге бөлінген. Мамандар былай дейді, ципротеронды қылмыскерге тек төртінші екпеден кейін әсер етеді. Сорақысы сол, егер азғын алкогольді ішімдік ішетін болса кастрация үшін егілген препараттың қуаты кетіп, қылмыскер қайтадан қоғамға қауіпті боп шыға келеді. Бұдан бөлек, ципротеронның әсерін қайтаратын дәрі елдегі дәріханаларда сатылады деген және бір ақпарат шықты. Қоғам одан бетер қорықты. Анық-қанығын біз айтайық, сіздер көріңіздер.

Хабарламаларға жазылу