Адамның арын таптаған екі аяқты айуандар туралы үні жеткен жерлерге үкім айтқан үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанда орта есеппен бір күнде 5 әйел, 2 бала зорлықтың құрбаны болады депті. Жарты жылда ішкі істер орындарына зорлау әрекеті бойынша 799 арыз түскенін және айтқан. Математикалық есепке салсаң есіңді екеу, түсіңді төртеу қылатын шешім шыға келеді. Ақпаратта аз-кем ағаттық болу мүмкін, бірақ қазір біздің қоғамда зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған қандас пен отандастың саны әлдеқайда артқаны рас. Ақпарат құралдары айтқалы адамды қорлайтын, әлі келгенін зорлайтын қылмыскерлер күрт көбейіп кетті деп ақталатындарды да естідік. Соларға айтайын, 26 маусым бүкіләлемдік зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау күні боп бекітілген. Демек адамның арын таптау жер басып жүрген жеті миллиардтан астам жұмыр бастының басына төнген қатер. Осыдан 19 жыл бұрын Қазақстанда Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп — адам зорлау ауыр қылмыс тобынан орташа ауыр қылмыс түріне ауысты. Қылмыскерлер мұны біледі. Жазаның жеңілдігін нұқып көрсеткен жұрт қатты дүрлікті соңғы жылдары. Көптің көкейіндегіні Президент түйреп айтты.
Адам зорлағандарға қарсы заңды енді ғана күшейтуге көшті деп көштің алдын бөгеп аттандаудың қажеті жоғын елге ескерткім келеді. Қоғамдағы кез-келген бетбұрыс себепсіз болмайды. Біздегі заң күшейетін болды, естідіңіздер. Айтпағым мынау, Үндістанда адам зорлаған арсыздар соңғы жылдарға дейін жазадан жалтарып кетіп жүрген. Белсенділер белсене кіріскен кезде заңды күшейтеміз деген шенеуніктер күшенген күйі қалып кете берген. Тек 2012 жылы бәрі өзгерді. Сол жылдың 16 желтоқсанында 23 жастағы студент қыз Джиоти Сингх Пандиді алты адам автобуста зорлап, өлімші ұрып тастаған. Бойжеткен көз жұмды. Үндістан халқы жаппай көшеге шықты, елдегі мерекелерді тойлау тоқтатылды, әлемдегі адам құқығын қорғайтын ұйымдар бұл сорақылықты тоқтатуды талап етіп жан-жаққа арыз жазып үлкен шу шықты. Шыққан шуды ушықтырмау үшін Үндістан үкіметі дереу шара қолданды. Марқұм болған бойжеткенді зорлаған алтаудың төртеуі өлім жазасына кесілді, біреуі камерада асылып қалды, кәмелет жасына толмаған алтыншы қылмыскер 3 жылға абақтыға айдалды. Қазір Үндістанда адам зорлау ең үлкен қылмыстың бірі. Өкініштісі, адамның арын таптағандарды жазаның ауыр түріне тарту туралы бастама тек қылмыстың ауыр түрі орын алғанда көтерілетіні.