Челябинск облысының тұрғындары қаптап кеткен қара шыбындарды шелектеп жинап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Челябинск облысының тұрғындары қаптап кеткен қара шыбындарды шелектеп жинап жүр

13.09.2019

Ресейдің Челябі облысындағы Камышевка ауылының тұрғындары шыбыннан жапа шегіп отыр. Жәндіктің көптігі сонша оны адамдар шелекпен жинауға мәжбүр. Жаз өтсе де, құжынаған жәндіктердің шабуылынан құтыла алмаған халық биліктен шара қолдануды талап етіп отыр. Үймелеген шыбындар үйлерге кіріп, адамдардың әбден мазасын алған. Олар микроб тарататындықтан, инфекциялық аурулар өршіп кете ме деген қауіп бар. Осыншама шыбынмен күресуге дәрі-дәрмек те, арнайы заттар мен москит торы да қауқарсыз болып отыр. Олардың қаптап кетуіне жергілікті құс фабрикасы кінәлі болуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, бұл кәсіпорын құстың саңғырығын ашық жерге жинап отырады. Бірақ фабрика басшылығы өзіне тағылған кінәні жоққа шығарғанымен, қоқысты химиялық заттармен өңдейтінін айтқан. Ал ашулы жұрт бұл әрекетті жеткіліксіз деп, прокуратураға шағым түсіруге құлшынып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу