Келес ауданындағы 6 ауылдың тұрғындары таза сумен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келес ауданындағы 6 ауылдың тұрғындары таза сумен қамтылды

13.09.2019

Президент Жолдауында, сондай-ақ «алдағы 3 жылда ел халқы таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс» делінген. Осы мақсатта 250 миллиард теңге бөлінбек. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер орындалып жатыр. Мәселен, Түркістан облысы Келес ауданындағы 6 ауылдың тұрғындары осы күзден бастап, таза су ішіп, тұрмыстары жайланбақ. Қазіргі күні, аймақтағы 11 елді мекенде су жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, былтыр ғана өз алдына аудан болып бөлініп шыққан Келестегі таза су барған ауылдар саны 51-ге жетпек.

Талай жыл арық жағалап, лас та болса сол сумен өзегін жалғаған Қазақстан ауылының тұрғындары көп ұзамай бұл азаптан құтылады. Елді мекенге таза ауыз желісін жүргізу ісі басталды. Биыл үйді үйге құбыр тартылып бітеді. Келер жылы 70 метр тереңдікте ұңғыма қазылады. Суды тазарту, оны тарату құралдары орнатылады.  

Шыңғыс Қошалақов, мердіер компания басшысының орынбасары: 

40 шақырмнан астам ұзақтығы бар. Сервистік және магистарльді линия. 224 құдық түседі. Жалпы 618 үйге кіргіземіз.

Ал іргедегі Жүзімдік ауылы тұрғындарының ерні енді он шақты күнде таза суға тигелі отыр. Елді мекендегі 700-дей үй осы кезге дейін ауыл шетіндегі ұңғымадан су тасып ішті. Балалары пластик құтымен, ересектері есекпен кезек күтіп тұратын.  

Сейіт Байташов, Жүзімдік ауылының тұрғыны: 

Ауылға жаңа жүйемен су кіріп жатыр. Ауылдастарымыздың бәрі үй үйіне кіргізіп алды. Өте бір кермет нәрсе болды елге. Су тасып ішпейді енді.

Бұл елді мекендерде жер асты суы кермек болғандықтан оны тазартуға мембранды технология пайдаланылып отыр. Осы арқылы судың құрамындағы тұздар бөлініп алынады. Ұңғымаға қойылған қуатты сорғылар сағатына 7-8 текше метр суды мұнараға жинайды.   

Жұмабек Әшірқұл, мердігер компанияның бас инженері: 

Мембранаға келіп тазаланып, одан екі жүз кубтан 2 «резервуар» бар соған айдаймыз. Одан әрі елді мекенге. Бұлардың ерекшелегі «наостар» өте мықты. 24 сағат жұмыс істейді...

Бүгінгі таңда Келес ауданындағы ауылдардың небәрі 46 пайызында ғана таза ауыз су бар. Олардың қатары биыл 6 елді мекенмен толықпақ. Мұнан бөлек тағы 5 ауылда құрылыс жұмысы басталды.

Тұхтар Байболов, Келес ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы: 

Келес ауданы бойынша 24 мың көлемінде абонент саны бар. Қазіргі уақытта оның 15 мыңдайы ауыз сумен қамтылған. Елді мекеннен гөрі абонент санымен шаққанда көрсеткіш жоғары.

Сондай-ақ аймақтағы 8 ауылдың да жер асты су қорына барлау жүргізілді. Қазір құбыр тарту жұмыстарының жобасы, құрылысты бастауға рұқсат беретін құжаттар әзірленуде. Жалпы 2022 жылы Келес ауданындағы барлық 82 елді мекен тұтастай таза ауыз судың игілігін көрмек.  

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу