Қызылордада темір жол маңына ағаш егілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада темір жол маңына ағаш егілді

12.09.2019

Бүгін еліміздің төрт өңірінде «Қамқор менеджмент» компаниясының бастамасымен Kamkor park акциясы өтті. Теміржол бойындағы шағын қалаларды дамыту және көркейту үшін қолға алынған шара аясында барлығы екі мың түп ағаш егілді. Аталмыш акцияға қызылордалық теміржолшылар да белсене атсалысты.

 «Қамқор менеджмент» компаниясы Елбасының «жасыл экономикаға көшу» туралы бастамасын іске асыру үшін Kamkor GREEN бағдарламасын қолға алды. Kamkor park экологиялық акцияcы осы бағдарлама аясында ел бойынша бүгін бір мезгілде өтті.

Сәкен Төлебаев, «Қамқор вагон» ЖШС бас директоры:

Негізі аякция төрт станцияда жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында Аягөз, Шар деген станцияларында, Ақтөбе облысында Шалқар, Қызылорда облысында Қазалыда. Мақсатымыз — елімізді көркейту, гүлдендіру, көгалдандыру соған үлесімізді қосып жатырмыз.

Туған жерді көркейтуге қазалылық теміржолшылар да білек сыбана кірісті. Жеңіс саябағына жергілікті жерге жерсіндірілген шырша, үйеңкі, қарағай, қарағаш секілді бес жүзге жуық тал отырғызылды. Ендігі міндет- егілген өскінді күтіп ұстап, айналаны жасыл желекке бөлеу.

Қайрат Мошанов, Қазалы локомотив жөндеу депосының техникалық директоры:

Күнделікті осы жерді қадағалап, қыста қарын тазалап, суын жүргізіп, осы жердің барлық жұмысын ары қарай атқарамыз. Талдардың жақсы өсіп кетуіне міндеттеме алып жатырмыз.

Елбасы «2019 жыл - Жастар жылы» деді. Осыған орай Kamkor GREEN бағдарламасын жүзеге асыру «Қамқор менеджмент» компаниялар тобының жастар қанатына жүктеліп отыр.

Дидар Бақыт, Қазалы локомотив жөндеу депосының технигі:

Болашақ жастарымызға экологиялық таза ауа сыйлауға үлес қосып жатырмыз. Жастар бүгін үлкен қызмет жасауда. Қазақстан біздің шаңырағымыз болғандықтан экологиямызды жақсарту үшін еңбек етудеміз.

Теміржол бойындағы шағын қалаларды дамытуға арналған экологиялық акция алдағы күндері еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады.

Ә.Жолтаев


Хабарламаларға жазылу