Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй сыр берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй сыр берді

12.09.2019

Теміртау қаласында көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және бюджет қызметкерлеріне арнап салынып жатқан тұрғын үйдің сапасы құрылыс бітпей жатып сыр берді. Төртінші қабатына жеткенде үйдің іргетасы шөгіп, қабырғасы сөгілді. Бұған әу баста құрылыстың жобалау құжатын жасаған компания кінәлі,-дейді жергілікті билік өкілдері. Айтуларынша жобалаушылар үй тұрғызылатын жерге геологиялық барлауды дұрыс жүргізбеген. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді. 

Теміртауда көптен бері жаңа үйлер салынбаған еді. Жергілікті билік осыған дейін баспана кезегінде тұрғандарға қаланың ескі аумағындағы үйлерді жөндеп беріп келді. Ал 2018 жылы мына бес қабатты екі үйдің құрылысын қолға алды. Дәл осы қос үйден көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және бюджет қызметкерлерінебаспана беріледі дегенде ел ерекше қуанды. Алайда құрылыс аяқталмай жатып үйлердің бірінің іргетасы шөгіп, қабырғасы қақырады. 

Бұл жағдай мамыр айында белгілі болған. Бастапқыда құрылысшылар қосымша тіреу қойып, қабырғаға және іргетасқа белгілер салып байқастапты. Арада көп уақыт өтпей үйдің тіпті шөгіп, қабырғадағы жарықтары үлкейе түскенін аңғарған. 

Дүйсенгелді Қасымов, мердігерлік компания директорының орынбасары:

Берілген жоба бойынша біз үйді желтоқсанда сала бастадық. Геологиясы дұрыс істелмеген. Инженерлік геологиясы, жердің қыртысы дұрыс берілмеген. Кейін біз микрожарықтар пайда болған соң, іргетас шөккен соң өз қаражатымызға геологиялық барлау жасатып, сол бойынша екі сараптаманың әр түрлі екенін анықтадық. Үйдің фундаменті жобалау кезінде сондықтан дұрыс салынбады. 

Бұл екі үйді салу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген. Соның сапасы сыр берген мына біреуінің төртінші қабатын көтергенше 96 мллион теңге шығындалған. Енді үйді қайта салу керек. 

Низами Гаджиев, Теміртау қаласы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Техникалық тексеріс қорытындысы бойынша үйді бұзып,орнына қайта салып беруін талап етіп отырмыз. Ол үшін іргетасынан бастап дұрыс жобалау-сметасын жасайды. Құрылыс қай жерден тоқтады, соған дейінгі шығынды өздері көтереді. Егер осы талабымызға көнбесе мәселе сот арқылы шешіледі. Біз арызды жазып қойдық.

Құрылысты жобалаушы «Институт «Гражданпроект» ЖШС басшылығы қала әкімдігіне берген мәлімдемесінде өздерінің кінәсыз екенін, құрылыс қыс мезгілінде жүргенін айтыпты. Ал журналистердің сұрағына сот шешімі шықпайынша жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Жалпы Теміртау қаласында үй кезегінде 3 мыңнан астам адам тұрса, соның 100-і осы екі үйге кіруі тиіс еді. Енді апатты үй бұзылып, орнына қайта жаңасын салып бітпейінше, дайын болып қалған екіншісіне де тұрғындарды кіргізе алмаймыз,-дейді әкімдіктегілер. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу