Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Белоусов кен-байыту фабрикасы жабылатын болды. Осы кәсіпорында еңбек етіп жүрген 200-ден астам адамға басқа жұмыс орындары ұсынылмақ. Тау-кен комбинаты тоқтайды- деген жаңалықтан жергілікті тұрғындар да абыржып қалды. Өйткені, кеншілер кентінің жылуы мен суы және басқа да инфроқұрылымы осы кәсіпорынмен тығыз байланысты. Үлкен елді-мекендегі кен-байыту фабрикасы не себептен жабылады және жұмыссыз қалатын адамдардың жағдайы қалай болатынын тілшіміз Берік Көшербай анықтады.
Бір үйден екі адамның бір күнде жұмыссыз қалғаны Калининдер отбасы үшін төбеден жай түскендей болды. Валентина, Белоусов кен-байыту комбинатында кран-машинист, ал отағасы темір шебері. 1-қарашадан бастап кәсіпорын жабылса, екеуі де жұмыссыз қалады.
Валентина Калинина, кран машинисті:
Адамдардың көңіл-күйі жоқ. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Бәріміз осы жерде тұрақты жұмыс істеп үйреніп қалдық қой.
Белоусов кен-байыту комбинаты 1945 жылы іске қосылған. Техникалық тұрғыдан тозса да, мұнда осы күңге дейін Ертіс кенішінен шыққан кен өңделіп жатыр. Енді, экономикалық тұрғыдан есептеп, оның жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған.
Ермек Дюзкенов, «Kaz Minerals» тобының ШҚО бойынша өкілі:
Кен көлемі азайып келеді, ал қазіргі кен байыту комбинаттарының қуаттылығын толық қамтамасыз ету керек. Сондықтан компанияның басшылығы Белоусовка кен-байыту фабрикасында өңделетін Ертіс кенішінің кендерін Николаев кен-байыту фабрикасына ауыстыруды жөн көрді.
Қазір комбинатта 246 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын тоқтаса, 26 адам қалып, қалған 220 жұмысшының қайда баратыны әзірге белгісіз. Алайда компания башылығы мен аудан әкімшілігі оларға екі қолға бір күрек табамыз деп сендіріп отыр.
Белоусовка кентінде 40-тан астам осындай көпқабатты тұрғын үй бар, ал жалпы халық саны 10 мыңға жуық. Олардың барлығы кен-байыту фабрикасы жұмысын тоқтатса мына тұрғын үйлер жылусыз қалама деп қатты алаңдап отыр.
Халықтың үрейленетін жөні бар. Өйткені, бұған дейін де кәсіпорынның жұмысында үзіліс бола қалғанда, кент халқы талай рет жылусыз, жарықсыз қалған.
Фарида Шаяхметова, Белоусовка кенті әкімінің орынбасары:
Фабрика жабылса да, кент жылусыз қалмайды. Жергілікті әкімшілік түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Бірақ Сіз 2000 жылдары фабрика жұмысын тоқтатқанда жылу болмай қалғанын айттыңыз? Бұны айтпаймын, Сізге мәлімет ретінде ғана айтқанмын.
Белоусовка кенті Өскеменге жақын орналасқан. Сондықтан мұндағы жұртқа қалаға да барып еңбек етуге болады. Аудан әкімдігі комбинаттағы жұмысшыларды жаңа мамандыққа оқытуға да мүмкіндік бар екенін айтып жұбатып отыр.
Берік КӨШЕРБАЙ