Құрғақшылықтан зардап шеккен Қостанайдың диқандары Үкіметтен бөлінетін субсидияны ала алмай отыр. Көктем мен жазда егіс зиянкестеріне қарсы топыраққа химиялық өңдеу жүргізіледі. Бұған қажетті қаржыны шаруалар өз қалтасынан шығарады. Кейін тиісті құжаттарын тапсырған соң, оның белгілі бір бөлігін мемлекет қайтарып беруі тиіс. Субсидияның осы түрі бойынша Үкіметтің қостанайлық диқандарға қарызы 2 миллиард 600 мың теңге болып тұр.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қостанай өңірі егіншілік үшін тәуекелі көп аумаққа жатады. Сондықтан тыңайтқыш сеуіп, топырақты баптап, зиянкестерге қарсы гербицидтерді пайдаланғанда ғана мол өнім алуға мүмкіндік бар. Кейде, тіпті осы талаптың бәрін мүлтіксіз атқарсаң да, өнімсіз қалуың мүмкін. Мысалы, биыл аптап ыстықтан 76 мың гектар алқаптың егіні күйіп кетті. Бұл көрсеткіш әлі өсе түсуі мүмкін.
Ерлан Айтбаев Арқалық қаласының іргесіндегі Мирный ауылында тұрады. Егнішілікпен айналыса бастағанына биыл екінші жыл. 400 гектар алқапқа бидай екті. Астығы толық күйіп кетуден аман. Шығымдылығы төмен болса да, әйтеуір қамбасы құр қалмайды. Жаздай көктен жаңбыр тілеп қарап отырмай химиялық өңдеу жүргізіп, топырақты баптады.
Ерлан Айтбаев, шаруа:
Субсидияны әлі алған жоқпын. Тыңайтқыш төгіп, зиянкестерге қарсы улауға барлығы 2 миллион 800 мың теңге жұмсадым. Үкіметтің көмегі қашан қолымызға тиетінін білмеймін.
Субсидияны күтіп, сергелдеңге түскен жалғыз Ерлан Айтбаев емес. Құрғақшылықтың кесірінен шығынға батқан шаруаларға Үкіметтің тиесілі көмекті кешіктіруі қосымша соққы болып отыр.
Ыбыраш Естаев, шаруа:
Береміз деген субсидияларын уақытында бермейді. Енді ол Үкіметтің қаржысына да байланысты шығар. Тыңайтқыш, гербицидтың ақшасын әлі берген жоқ. Өзі удай қымбат. Қымбат болса да, біз өз ақшамызға алдық.
Топырақты химиялық өңдеуден өткізу үшін биыл облысқа 4 миллиард 900 миллион теңге бөлінген. Оның бәрі шаруаларға төленіпті. Тек бұл қаржы бәріне бірдей жетпеген.
Нұрсұлтан Қабделов, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы:
Мысалы, былтыр 35 проценті қайтарылған болатын. Шаруаларға сатып алған гербицидтің. Биыл 50 пайызға көтерілді бұл көрсеткіш. Яғни 15 пайызға өсті. Бірақ қосымша қаражат бөлінген жоқ. Оның сыртында гербицидтердің бағасы қымбаттады.
Облыстық басқарма мамандарының айтуынша, бұл максатқа биыл қосымша қаржы бөлінбейді. Яғни Үкімет шаруалар алдындағы қарызын тек келер жылы ғана өтеуі мүмкін.
Дәуренбек ӘБДІБЕК