Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүр. Қазақстандық делегация құрамында бірқатар министр мен квазимемлекеттік компания басшылары да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қытай Коммунистік Партиясы орталық комитетінің саяси бюро мүшесі, аталған партияның сыртқы істер бойынша тобының басшысы Ян Цзечимен кездесті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VI отырысына да қатысып, сөз сөйледі.
Айта кету керек, бұл - Мемлекет басшысының президент ретіндегі Қытайға алғашқы сапары. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен және Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен де кездеседі.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында болып, қазақстандық және қытайлық студенттермен кездесті. Президент жастарға арналған дәрісінде Қазақстанның әлемдік бастамалары мен дипломат ретіндегі жаһандық үрдістерге қатысты пікірін айтты. Оның сөзінше, әлемде сауда соғыстары көбейіп, қалыптасқан тепе-теңдіктің бұзылуы белең алған. «Бұл барлық елге, әсіресе, дамушы елдерге кері әсер етеді. Сондықтан да елдер арасындағы қарым-қатынаста осы мәселе басты назарда болуы керек. Бұл ретте Қазақстанның көптеген бейбіт бастамалары бар», - деді Президент.
Шарадан кейін Мемлекет басшысы дәріске келген қазақстандық студенттермен кездесіп, пікір алмасып, естелік фотоға түсті. Айта кету керек, қазір тек Бейжіңде мыңға жуық қазақ студенті білім алуда.
Дулат Абибуллаев