Семейде тұрғындар қоғамдық көлік қызметіне наразылық білдіріп жатыр. Кеше кешкісін қалалықтардың бірі автобус бейнесінде картоннан киім киіп, қала көшелерімен жаяу жүріп өткен. Ал бүгін таңертең шаһардың Шығыс кентінің бір топ тұрғыны автобустардың жолын жауып, жүруге кедергі келтірген.
Тұрғындар наразылығы өткен аптадан бастап қалада енгізілген жолаушы тасымалының жаңа жүйесіне қатысты болып отыр. Шаһарда бірқатар қоғамдық көліктердің бағыттары өзгертіліп, кейбірі тіптен қысқартылған. Ал автобустардың саны аз. Соның кесірінен халық діттеген жеріне жете алмай әбігерге түсуде. Қоғамдық көлікке сыймай қалған тұрғындар осылайша автобустардың жолын бөгеп, көлік санын көбейтуді талап еткен. Мамандар жағдай жақын күндері реттелетіндігін айтып, наразы жұртты таратқан.
Роллан Кемербай, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
Өздеріңіз білесіздер, қалада қоғамдық көлік мәселесі өткір тұр. Бірақ ақырындап жүйелі түрде шешіліп келе жатыр. Ең негізгісі қалада түсінік бар. Әрине, қала тұрғындары осы мәселеге қатысты ойларын видеоға түсіріп, ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жатыр. Бір-екі күннің ішінде мәселе толық шешіледі деген үміттеміз.
Ержан Жақып