Нұр-Сұлтанда Орталық Азиядағы ең ауқымды медиа оқиға «Astana Media Week» форумы ашылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаевтың қатысуымен өткен «Қазақстандағы телехикая және кино индустриясының дамуы» тақырыбындағы алғашқы панельдік сессия жұмысында еліміздегі кино нарығының соңғы жылдардағы даму қарқыны мен киноөнімдердің сыртқы нарыққа ұсынылуы туралы сөз қозғалды.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай өз баяндамасында телерадиокорпорацияның отандық телехикая өндірісі бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары жөнінде айтып өтті.
«Қазақстан» корпорациясы соңғы бес жылда 10 елге 37 телеөнімін ұсынған. Ал биылғы жылы 219 сериядан тұратын 14 жаңа телехикая түсірді.
«Бір айға жуық уақыт бұрын елдегі ірі өндіруші компаниялардың жетекшілерімен басқосу өткізіп, нарықтағы негізгі мәселелерді сараладық. Оған 15 ірі компания қатысты. Тапсырыс берушілерді қазір компаниялардың ұсынатын бағасы мен әртістер құрамының біркелкілігі, телехикаялар жанрларының ұқсастығы алаңдатады», - деді. Л.Танысбай өз сөзінде. Сондай-ақ, Басқарма төрайымы биылғы жылы «Qazaqstan» арнасынан алғаш рет детектив жанрында телехикая ұсынылатынын айтты.
«Astana Media Week» форумы аясында бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ-на қарасты ресурстар күзгі маусымдағы таныстырылымын өткізеді.