Cемейде жолаушы тасымалының жаңа жүйесі іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Cемейде жолаушы тасымалының жаңа жүйесі іске қосылды

10.09.2019

Cемейде жолаушы тасымалының жаңа жүйесі іске қосылып, автобустардың 86 проценті жаңарды. Алайда бұл өзгеріс қала тұрғындарына екі-үш күннен бері қолайсыздық тудырып тұр. Өйткені шаһардағы қоғамдық көліктердің саны күрт азайып кеткен. Сонымен қатар автобустардың бағыттары да өзгертілген. Салдарынан жұрт таңертең жұмысқа жетуге, кешікісін үйге қайтуға қиналып жүр.

Ержан Жақып, тілші:

 Жақында қалада осыған дейін жолаушылар тасымалымен айналысып келген 5 кәсіпорынның 3-еуі ғана қалдырылды. Өйткені жұмысы талапқа сай келетіндері ғана тендерді ұтып іске кіріскен. Жолаушы тасымалдаушы серіктестіктің біреуі биыл жаңадан құрылды. Соның нәтижесінде, қалаға 170 жаңа автобус сатып алынды. Алайда қызмет көрсете бастаған жаңа көліктердің жұмысына жұрт наразы.

Қоғамдық көліктердің жаңа жүйесі іске қосылғалы, халық, әсіресе таңертең және кешке, барар жерлеріне уақытында жете алмай қиналуда. Жаңа жүйе бойынша, тиімсіз деп танылған бағыттар өзгертіліп, шағын «Газель» көліктері мен ескірген автобустар мүлдем алынып тасталған. «Ал олардың орнына қойылған жаңа қоғамдық көліктер тым аз», -дейді халық.  

- Мынау жаңа автобустар шыққалы, біз не жұмысқа жете алмаймыз. Не жұмыстан барып-қайту қиын болып жатыр. Өте маршрут аз. Міне, біз тосып тұрмыз. 50 минут болды.  

- 20-шы автобус мүлдем нашар жүреді. Кеше «Инфобус» арқылы қарадым. Бізге айтқан «12 автобус жүреді» деген. Бірақ 3 автобус қана болды. Ақыры біз таксимен жүруге мәжбүр болдық.  

- Кеше де болған жоқ автобус. Түнгі сағат сегізде әрең бардық үйге. Таксилетіп отырып. Таксиге күнде жүретін ақша да жоқ.  

Қоғамдық көліктердің қызметіндегі мұндай олқылықты әкімшілік жақсы біліп отыр. «Бұл уақытша ғана қолайсыздық»,- дейді. Тіпті, әкім Ермак Сәлімов тұрғындарға басу айтып, әлеуметтік желі арқылы семейліктерден кешірім сұрап, пост жазған. Сондай-ақ шаһар басшысы күн сайын таңертеңнен бастап қала ішіндегі автобустарға жұртпен бірге мініп, қандай мәселе туындап жатқандығын көзбен көріп жүр. Әкімнің айтуынша, шаһарда тыңнан құрылған «Semei Bus» серіктестігіне жаңадан алынған 170 автобустың 50 ден астамына көлікке жүргізуші мен кондуктор табылмаған. Қоғамдық көліктің жетіспеушілігі осыдан туындап отыр. 

Ермак Сәлімов, қала әкімі: 

Мәселе жоқ емес, бар. Мәселе болады да. Бұл бәрі дәлме-дәл есептелетіндей, дәріхана емес. Бәрін біліп отырмыз. Мәселені шешіп, жағдайды жақсартуға тырысып жатырымыз. Тұрғындарды түсінікпен қаруға шақырамын.

Жолаушы тасымалындағы өзгеріс салдарынан қалада осыған дейін қызмет көрсетіп келген серіктестіктегі ескі автобустардың 200-ге жуық жүргізушілері мен кондукторлары да жұмыссыз қалған. Олар наразылық білдіріп, қала әкімшілігіне мәселені шешуді талап етіп, баса-көктеп кірді. Әкім жұмыссыз қалған әрқайсының мәселесін жақында шешіп беруге уәде етіп отыр. «Ал автобустардың қалада жеткілікті түрде қатынауы, апта соңына дейін реттеледі»,-дейді.  

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу