Авиабилеттер құнын төмендету үшін бірқатар шара қабылданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Авиабилеттер құнын төмендету үшін бірқатар шара қабылданады

10.09.2019
Авиабилеттер құнын төмендету үшін бірқатар шара қабылданады

Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленді. Оның аясында авиабилеттердің бағасын төмендету бойынша шаралар кешені қабылданады. Осы іс-шаралар мүдделі мемлекеттік органдармен және азаматтық авиация саласының субъектілерімен бірлесіп жүргізілетін болады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында авиабилеттердің қымбат бағасын сынға алды. Ұшақтардың жетіспеушілігі және авиаотыннның жоғары құны билеттердің қымбат болуына себеп болып отыр. Тарифтердің құнын төмендету үшін биыл "FlyArystan" лоукостері іске қосылды. 2 айға жуық мерзім ішінде 340 мыңнан астам билет сатылған, оның жартысының ең төменгі құны - 10 мың теңге", - деп хабарлады брифинг барысында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов. Оның айтуынша, жыл соңына дейін қосымша 2 әуе кемесі келіп түседі, келесі жылы парк тағы 4 әуе кемесімен толығып, 2023 жылға қарай 15 ұшақты құрайтын болады.

Бұдан басқа, жағдайды түбегейлі өзгерту үшін Үкімет "Самұрық-Қазына"ҰӘҚ" АҚ-мен бірлесіп әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында "Air Astana" және "QazaqAir" авиакомпанияларын қосымша капиталдандыру жоспарлануда.

Сондай-ақ авиаотын бағасын төмендету бойынша жұмыс жалғастырылатын болады, өйткені отынға жұмсалатын шығындар тарифтің өзіндік құнының 30%-дан астамын құрап отыр. Ағымдағы жылы қазақстандық МӨЗ-ді жаңғырту нәтижесінде авиациялық отын өндіру көлемі 694 мың тоннаға дейін немесе 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 1,8 есеге (383 мың тоннаға) артты. Авиаотынды өндіру көлемі отандық МӨЗ есебінен ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Авиаотын бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде нарықпен реттеледі.

miid.gov.kz

Хабарламаларға жазылу