Аягөздегі балаларға арналған арнайы қызмет көрсету орталығында тексеру жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөздегі балаларға арналған арнайы қызмет көрсету орталығында тексеру жүріп жатыр

09.09.2019

Аягөздегі балаларға арналған арнайы қызмет көрсету орталығындағы тексеру жалғасып жатыр. Осыдан бір апта бұрын ондағы ересек балалар, өзге жеткіншектерге зорлық көрсеткен деген ақпарат тараған болатын. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Писхоневрологиялық ауытқуы бар жеткіншектер тәрбиеленетін орталықта, жасы кішкентай балаларды ересек тәрбиеленушілер зорлаған деген ақпаратты орталықтың бұрынғы қызметкері таратқан. Ол ұялы телефонға балалардың айтқан сөздерін жазып алған. Видео аз уақыт ішінде түрлі сайттарға тарап үлгерді. 

Ақпаратты таратқан орталықтың бұрынғы қызметкері, тергеу жұмыстары аяқталмайынша, сұқбат беруден бас тартып отыр. Ал оның әлеуметтік мекемедегі бұрынғы әріптестері, тараған мәліметті жоққа шығаруда. Олардың айтуынша, психикалық ауытқулары бар балаларды видеоға түсірген адам тәттімен-дәмдімен алдаған. 

Жанар Мұстафаева, «Аягөз балаларға арналған арнайы қызмет көрсету орталығы» директорының міндетін атқарушы: 

Иә, сөйтіп сұқбат алған. Балларды кәмпит, тәттілермен алдап. Өздеріңіз көрсеңіздер, кадр артында балаларға «осылай айт,осылай айт» дегені белгілі. Көрініп тұр.

Салтанат Жүнісова, дефектолог: 

Естіген кезде мен шокта болдым. Енді бұны, жаңағы видеоны көрген кезде. Біздің балалар ақыл-есі кем баллар болғаннан кейін, бір сөзді қайталатса қайталай береді. Видеода үйретіп тұр енді.

Оқиғаға қатысты бүгінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Зорлық көрді деген балалар сот-медициналық сараптамадан өткізілген. Мамандар «ешқандай зорлық белгілері жоқ» деген қортынды шығарған. Алайда істің анық-қанығы тергеу аятқалғаннан кейін бірақ белгілі болмақ.  

Ришат Рамазанов, Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары: 

Балалардың өз арасында, бір-бірін жыныстық қатынасқа итермеледі деген сөздер бар. Бірақ оның бар-жоғын, анық-қанығын тек қана тергеу анықтап, бізге тексеріп береді.

  Аягөздегі жасөспірімдерге арналған әлеуметтік орталықта бүгінде 18 жасқа толмаған 105 бала тәрбиеленеді. Шулы оқиғандан кейін арнайы комиссия оларды түгелдей медициналық тексеруден өткізу туралы шешім шығарған. Ал орталық директоры тергеу аяқталғанша уақытша қызметінен шеттетілді. Облыс әкімі бұл істі тікелей бақылауына алған.  

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу