Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

09.09.2019

 Бүгін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Отырысқа төрағалық еткен Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин комиссия мүшелеріне Президентке үш бастамамен шығуды ұсынды. Атап айтқанда, Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру, Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту, Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру. Бұдан бөлек, жоспарланған іс-шаралардың да ауқымы кең. Абай шығармалары шет тілдеріне аударылып, телерадио хабарлар әзірленіп, деректі фильмдер түсіріледі. Еліміздің барлық мектептерінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан байқаулар өтеді. Одан озық шыққан оқушыларға Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық университетінде оқуы үшін 50 білім гранты тағайындалады. Сонымен қатар «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, Абайдың музей үйі, Құнанбай қажы әулетінің қорымы жөндеуден өткізілмек. Ал республикалық жоспардың жобасы 1 қазанға дейін дайындалмақ. Сондай-ақ бүгін Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы болды. Белгілі болғандай, ұлы ұстаздың еңбектері аударылып, жарыққа шығарылады. Мерейтой шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарлануда. «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиумге дайындық басталды. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу