Алматыда кітап фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда кітап фестивалі өтті

09.09.2019

«KitapFest-2019» атты шара биыл алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылды. Мұнда 30-дан астам кітап дүкені мен баспа өнімдерін көрмеге қойды. Танымал жазушылар мен блогерлер, қоғамдық көшбасшылар оқырманмен кездесті.

Алматының Арбаты кітапсүйер қауымға толды. Оқырман қаладағы барша кітап дүкені мен баспаның өнімін бір жерден кездестірді. Жарқыраған сөрелерде түрлі жанрдағы шығармалар, әлемге танымал бестселлерлер самсап тұрды. Жәрмеңке болғандықтан, көпшілікке қол жетімді бағамен ұсынылды. Тіпті, кейбір туындылар тегін берілді.

Мадина Оспан, студент:

Бұл Алматы қаласындағы бүкіл жастарға керек фестиваль деп ойлаймын. Себебі, Алматы қаласына жан-жақтан көптеген жаңадан студенттер кеп жатыр. 

Әр түрлі кітаптарды таңдап оқып жатырмыз, қарап жатырмыз. Жобаны қолдаймыз.

Құлмұхаммед Сағындықұлы, қала тұрғыны:

Мәдениетті болуымыз керек, мәдениет деген рухани мәдениетті. Әрбір қазақ кітап оқуы керек. Кітап деген - таусылмайтын білім. "Инемен құдық қазғандай" дейді бабаларымыз, бекер айтпайды.

Дәстүрлі шара жыл сайын түрленіп келеді. Мәселен, биыл жазушылар мен блогерлер шатыры құрылды. Онда белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері жұртшылықпен кездесіп, әңгімелесті. 

Бекнұр Қисықов, жазушы:

Замандастарымызды танымаймыз. Жазушыларды танымаймыз. Қай жерде не жазып жатқанын. Әлбетте негізі оқудың да жеңгейі түсіп кетті. Бірақ, мысалға Лондонды қарайсыз, Англияны қарайсыз, Еуропаны, Американы қарайсыз. Оқып жатыр ғой. Японияны қарасаңыз әр жерде дүкен бар.

Майра Әлжанова , «Кitap fest-2019» жобасының бас үйлестірушісі:

Фестивальдің басты масқаты - ол кітаптарды оқуға насихаттау. Және де өзіміздің баспа үйлеріміз бен кітап дүкендерімізді, жазушыларымызды қолдау.  

Фестиваль аясында кішкентай оқырмандар үшін тегін сурет салу, қағаздан қызықты пішіндер жасау сияқты ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға кітаптар сыйға берілді. Сонымен қатар, қалалық «Кітапханалар жүйесі» 3000-нан астам кітапты тегін таратты.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу