Биыл мұнай саласында бірнеше айтулы дата атап өтілуде.
Өткен аптада Атырауда Қазақстан мұнайының 120 жылдығы тойланса, Қазмұнайгаздың Руминиядағы Petromidia мұнай өңдеу зауыты өзінің 40 жылдық жұмысын қорытындылады. Қазақстан мұнайын қара теңіз жағасындағы Нэводарь қаласына жеткізіліп, өңделіп, Еуропа елдеріне жанар-жағармай ретінде сатылады. Қазмұнайгаз компаниясының осыдан он шақты жыл бұрын құйған инвестициясы өзін-өзі ақтап, биыл елге табыс әкеле бастаған. Дәлірек айтсақ, осыған дейінгі жүйелі жұмыс нәтиже беріп, зауыт тарихында болмаған 6 миллион тоннаға жуық мұнай өңделген.
"Казмұнайгаз international" компаниясы осыдан он бір жыл бұрын "PETRO MEDIA" кәсіпорынын сатып алып, 300 миллион халқы бар нарыққа ие болды. Құлдырап тұрған кәсіпорынның өндірісін жаңартып, компаниядағы бизнес процестерді жетілдіруге күш салды. Жұмыс жемісін бере бастады. Биыл тек жарты жылда 3 миллион тоннадан астам мұнайды өңдеп, қара теңіз елдеріне жанар-жағармай сатқан. Бұл бұрын болмаған көрсеткіш. Қара теңіздегі қазақстандық зауытқа биыл - 40 жыл. Компания басшылығы осыған орай үздік қызметкерлерді құттықтады.
Қазақстан мұнайын шикізат ретінде ғана емес, оны өңдеп сататын зауыт биыл Еуропадағы үздік кәсіпорындар қатарына кірген.
Жанат Түсіпбеков, KMG international бас директоры:
Өндірісті жаңғырту мен технологиялық және бизнес процестерді қайта қараудың нәтижесінде "PETRO MEDIA" кәсіпорыны әлемдегі және шығыс Еуропадағы үздік зауыттардың қатарына кірді. Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз.
Қазмұнайгаз international енді қара теңіз елдерінің жанар-жағармай нарығындағы әлеуетін күшейтпек. Әзірге молдовия нарығының 23 пайызы, грузияның 17 пайызы, Болгарияның 3 пайызы қазақстандық зауыттың өнімін тұтынып отыр.
Думитру Кэтэлин, "KMG international" компаниясының Сауда-саттық бойынша бас директоры:
Зауыттың қазіргі қуаты Руминия нарығының 60-70 пайыз сұранысын қамтуға жетеді. Кәсіпорынның табысты жұмыс істеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде, күшті әрі кәсіби акционер Қазмұнайгаз компаниясы рөлі ерекше. Қазір зауыт Руминия экономикасына да компанияға да табыс әкеліп отыр.
Отандық компания ел экономикасына бір кездері құйылған инвестициядан табыс әкеліп қана қоймай, Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарына кадр даярлауға ат салыспақ. Компания басшылығы қазақстандық студенттерге арналған тағылымдама бағдарламасын ашты. Ол бойынша жыл сайын 50-ге жуық студент Руминяға барып, тәжірибеден өтеді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ