Бірлігі жарасқан Черкашиндер жанұясы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірлігі жарасқан Черкашиндер жанұясы

09.09.2019

Өскемен қаласында 12 бала өсіріп, бірлігі мен тірлігі өзгелерге өнеге болып отырған отбасы бар. Черкашиндер жанұясын Шығыс өңірінде білмейтін жандар кемде-кем. Еңбекпен есейіп, толымды істерімен үлгі болған жанұя «Мерейлі отбасы» байқауында облыс намысын қорғады. 

Евгения мен Дмитрий Черкашиндердің отбасылық құндылыққа деген көзқарасын көпшілік үлгі етеді. Бүгінде 12 бала өсіріп отыр. Ұрпағына өсиет айтып, дұрыс тәлім-тәрбие беруге тырысады. «Алтын алқа» иегері Евгенияның айтуынша, неғұрлым еңбекке ерте бейімделген бала соғұрлым іске епті келеді.

Евгения Черкашина, көпбалалы ана:

Балаларға көңіл бөлу қажет. Оларды қорғап, махаббатқа бөлеу керек, бірақ тым қатты қамқорлық танытуға болмайды деп есептеймін. Біздің отбасыда әрбір баланың өз міндеті бар және сол үшін ол өзі жауап береді. Яғни, олар бізге үйдегі шаруашылықта әрдайым көмектеседі.

Бұл үйдің отағасы жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Ауданнан қалаға көшіп келгенен кейін Дмитрий Черкашин жер сатып алып, үлкен үй салған. «Тынымсыз тірлік, еселі еңбек бақыттың бастауы», - дейді отағасы.

Дмитрий Черкашин, кәсіпкер:

Оқыған мамандығым бойынша құрылысшы немесе дәнекерлеуші емеспін. Кірпіш қалаушы және ағаш шеберінің де арнайы оқуын оқыған жоқпын. Ең бастысы ниет пен мүмкіндік болса, адамның қолынан бәрі келеді деп ойлаймын. 

Көпбалалы отбасы ретінде Черкашиндер әулеті атаулы әлеуемттік көмек алады. Үлкен балалары колледжде тегін оқиды. Береке мен бірлікті сақтаған Черкашиндер отбасының мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыстары зор.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу