Павлодарлық жалғызбасты әке баспаналы болып және несиелері кешіріліп, қуанышқа бөленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық жалғызбасты әке баспаналы болып және несиелері кешіріліп, қуанышқа бөленді

06.09.2019

Павлодардың іргесіндегі Кенжекөл ауылының тұрғыны бір күнде қос қуанышқа кенелді. Он жыл бұрын зайыбы қайтыс болып, үш бірдей баланы бір өзі өсіріп жатқан Айдос Құрманғалиұлына «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер беріледі. Сондай-ақ банктен алған несиесінің біраз бөлігі кешірілетіндігі жайлы «смс» хабарлама келді.

Айдос Құрманғалиұлы, Кенжекөл ауылының тұрғыны: 

Айлығым алатын 90 мың теңге. Енді ауылда тұрған соң айлыққа қарап тұрмай, бақша еккен жайым бар. Құдайдың берген үш баласы бар. Бақшама, міне қияр, қызанақ, картоп ектім. Одан кейін мемлекетімізден үлкен көмек алып жатырмын.

Ендігі тірлік көкөністі жиып алып қалаға көшудің қамын жасау. Себебі Айдос бұл үйді осы күнге дейін жалдап келген. Пәтер беріледі дегенді естігенде балаларының қуанышында шек болмады.  

Жанар Құрманғали, оқушы: 

Әкем маған жақсы хабар айтты. Жақында бізге қаладан үй береді екен. Жақсы үй. Бірақ өкінішім бар, менің мектебім қалып барады. Сыныптастарым, жақын құрбы, достарым қалып барады. Әкем айтады қала мен ауыл арасы жақын, әкеліп тұрамын сағындырмай деп.

Бұл мемлекеттік бағдарламаның игілігі. 10 жылға жуық пәтер кезегінде тұрған Құрманғалиевтар жанұясы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алатын болды. Одан бөлек бұл отбасы несиесі кешірілетіндер мәртебесіне іліккен екен.  

Айдос Құрманғалиұлы, Кенжекөл ауылының тұрғыны: 

Біріншісі банктен, 2 пайыздық несиемен үй берілетін болды. 10 миллион теңге ақша берді. Одан кейін түс ауа ҚР Президентінің жарлығымен жаңағы «несиен төленді» деген ұялы телефоныма 207 мың 9 теңге ақша төленді деген смс келді. Қуанышымда шек жоқ.

Бүгінде аймақта «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 121 отбасының өтініші мақұлданды. Оларға баспана сатып алу үшін ұзақ мерзімге пайызы төмен несие беріледі.  

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу