Президент Арыстағы жарылыстардың салдарымен күрескен қызметкерлерді марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Арыстағы жарылыстардың салдарымен күрескен қызметкерлерді марапаттады

06.09.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Арыста адам өмірін сақтап қалған түрлі сала мамандары мен жанашыр азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Осыдан екі жарым ай бұрын әскери қалашықтағы арсеналда апат болып, қала ішінде мыңдаған снаряд жарылды. Санаулы сағаттың ішінде қала халқы түгел көшірілді. Апаттан кейін қаланы қалпына келтіруге 10 мыңға жуық адам ат салысты. Олардың ішінен 40 азамат бүгін алғашқылардың қатарында Президенттің қолынан жоғары марапатқа ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің тарихымызда бұндай жағдай болған емес. Қарапайым еңбек адамдары сын сағатта сабыр сақтап, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген және паналатқан азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрскен дәрігерлерге алғыс айтамын. Дәл осындай төтенше жағдайда азаматтарымыз бір адамдай жұмылып, еңбек етті. Бұл біздің халқымызға тән ерекше мейірім мен қайырымдылық, парасаттылық деп білемін

Ерлігі ерен бұл азаматтарға бүгін Ақордада ерекше құрмет көрсетілді. Президент қолынан орден мен медаль алғандардың барлығы әдеттегідей басшылар емес, өрт сөндірушілер мен саперлар, полиция қызметкерлері мен мейірбикелер, еріктілер мен қарапайым еңбек адамдары.  

Асқар Әбдіқалықтың жасы 19-да, балабақшада көлік жүргізушісі болып істейді. Оқиға күні 15 адамдық көлікке 70 баланы сиғызып, қаладан аман алып шыққан қайсар жігіт.   

  Асқар Әбдіқалық, балабақшаның көлік жүргізушісі: 

Ағам екеумізде екі газель автокөлігі болды. Ағамның көлігінде 50 бала болды, менің көлігімде 80 бала болды. Ағам өзінің машинасымен Шымкент қаласына қарай жолға шықты. Мен өзімнің газеліммен шардараға қарай шықтым.

Асқар сияқты қырыққа жуық азаматқа бүгін «Құрмет», «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Шапағат» ордендері мен медалдары табысталды. Олардың әрбірінің апат күнгі әрекетін ерліктің ерекше үлгісі деп айтуға болады.   

Күмісай Тұманова, «Арыс аудандық орталық ауруханасы» МКК мейірбикесі: 

Екі баласын бір машинаға тоқтатып салдым да, екеуін ана үшінші бала сыймайды. біреуі төрт жасар баласы, біреуі 3 айлық, сосын 1,5 жарым жасар қыз, ана екеуін машианаға итеріп -итеріп тықтым да, есігін жаптым. Бір жарым жасар қызын төрт шақырым жаяу жүріп Арыстан шықтым жан сауғалап. Енді осы жерге шақырған Президентімізге алғыс айтамыз.

Нұрсұлтан Набиәлиев, Арыс қалалық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі: 

Арыста жарлыс болған күні свет болған жоқ. Қараңғы болатын. Қылмысқа бейім адамдар дүкендерге кіріп, сусын, ақашаларды алып, сол кезде біз дүкендерді үйлерді қарап, қылмыскерлерді құрықтап, тергеу бөліміне жеткіздік.

Бұл мараптталушылар мен марапаттардың соңы емес. Президент мұны ерекше айтты. Себебі қаланы қалпына келтіруге әрбір қазақстандық атсалысты. Олардың ерлігі ел есінде.  

Дулат АБИБУЛЛАЕВ  


Хабарламаларға жазылу