Заманауи технологияның адамның мінез-құлқына әсер етуі салдарынан түрлі қылмыс көбейген. Сондықтан, жаһандану жағдайында мемлекеттік қылмыстық саясатты өзгерту қажет. Бұл туралы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында өткен халықаралық құқық конференциясы барысында айтылды. Шараға шетелдің 5 мемлекетінің 24 жоғары оқу орнынан мамандар келді. Олар халықаралық ұйымдардың қызметіндегі заң үстемдігі тақырыбында пікір алмасты. Сондай-ақ, әлемдік сот төрелігі органдарының даму болашағы жайын айтты. Конференция бүгін кешке дейін жалғасып, оның қорытындысы бойынша ғылыми мақалалар жинағы шықпақ.
Жамаладин Ибрагимов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Заң факультетінің деканы:
Біз бұл конференциядан үлкен практикалық шешімдер күтеміз. Өйткені, бүгін бұл конференцияға, жалпы осы салаға үлкен еңбегі сіңген біздің мемлекетеміздің құқық қорғау органдарында қызмет еткен профессорлар қатысып отыр, сол кісілердің берген идеялары, конференция соңында шығарылатын қаулы, шешімдер, ұсыныстар мемлекетіміздің құқықтық дамуына одан әрі серпіліс береді деп ойлаймын.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ