«Ауыл- Ел бесігі» арнайы жобасына алдағы үш жылда қосымша 90 миллиард теңге бөлінетінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында айтты. Бұл қаражат ауыз су проблемасын толық шешуге, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталады.
Дей тұрғанмен жаңа су құбырлары бар, бірақ халық әлі күнге дейін ауыз судың азабын тартып отырған өңірлер бізде көп. Шығыс Қазақстандағы Красная Шемонайха ауылының тұрғындары осындай жағдайға тап болды. 260 үйі бар елді мекенде су құбырларын жаңарту үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 262 миллион теңге бөлінген. Бірақ мердігер компания белгіленген жұмыстың тек 70 пайызын орындап, игерілмеген қаржы бюджетке кері қайтарылыпты. Ақша бөлініп, жаңа құбыр тартылса да, тұрғындар не себептен сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын тілшіміз Берік Көшербай анықтады.
Красная Шемонайха ауылының көшелерінде 2017 жылдың жазында шаң көкке көтеріліп жатыпты. Өйткені, мұнда жаңа су жүйесін тарту жұмыстары қызу жүргізілген. Бірақ ауыл халқы тіршілік нәрін әлі күнге дейін ескі құбырдан алып отыр.
Жанар Жантокова, Красная Шемонайха ауылының тұрғыны:
Жаңадан құбырлар салынған, бірақ су жоқ. Ескі құбырдан алып отырмыз, су сап-сары, тамшылап ағады. Түнде ғана келеді аздап-аздап.
Ауылдағы су құбырларын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттар 2014 жылы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бірақ бюджеттен қажетті қаражат тек 2017 жылы бөлінеді. 3 жылға берілген мемлекеттік сараптаманың мерзімі бітуге таяп тұрса да, құрылыс жұмыстары басталып кетіп, ақыры аяқсыз қалған. Сөйтіп 3 жылға берілген мемлекеттік сараптаманың мерзімі бітіп қалады. Осыны желеулетіп мердігер де тайып тұрған. Игерілмеген 68 миллион теңге бюджетке кері қайтарылыпты.
Берік Көшербай, тілші:
Қазір халық пайдаланып отырған ескі су құбыры апаттық жағдайда, сондықтан істен жиі шығады. Оның бір дәлелі, міне, бұл жерден өтетін құбыр жарылып кеткендіктен, су жер бетіне шығып, жол бойымен бұлақ болып ағып жатыр. Ауылдың кез келген жерінде осылай аяқ астынан бастаудың пайда болатын мұндағы тұрғындар үшін тансық емес.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл жағдайда мердігердің де, өздерінің кінәсі бар екенін мойындап отыр.
Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік сараптама уақыты таусылған кезде біз негізі жұмыстардың барлығын тоқтатып, сараптамадан қайтадан өткізу керек болатынбыз. Бірақ біз бұл жолды кесіп өтіп, қысқартып дегендей, адамдарға тезірек су берейік деген оймен жасаған едік. Бірақ ол ойымыз аяғында іске аспады.
Красная Шемонайха ауылы бойынша жобалық сметалық құжаттар қазір қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Бұдан кейін басталған жұмысты аяқтау үшін бюджеттен қайта 62 миллион теңге бөлу қажет. Ал жаңа су құбырын үйлеріне тартып алған ауыл тұрғындарына күтуден басқа амал жоқ.
Берік КӨШЕРБАЙ