Мемлекеттік сатып алу саласында күрмеулі мәселе көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алу саласында күрмеулі мәселе көп

04.09.2019

Мемлекеттік сатып алуға қарапайым кәсіпкерлердің қатысуы қиын. Отандық кәсіп иелері тендер жыры аяқталмай отырғанын айтып шағымданды. Бұл проблеманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында да көтеріп, жауаптыларды сынаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бизнес саласында жүргендердің күдігін сейілтіп, үмітін арттырды.

Мемлекеттік сатып алу жүйесі жүгенсіз кетті. Кәсіпкер Қанат Ибраев осылай деп қамықты. Кеңсе жиһаздарын жасайтын шағын кәсіпорын иесі тендерға қатысудың қиындықтарын айтып налыды. «Жауапты Қаржы министрлігінің нақты талабы жоқ»,- дейді ол. Оның үстіне мемлекет қаржысын игеру тетігі де дұрыс жолға қойылмаған.  

Қанат Ибраев, кәсіпкер:  

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратын Қаржы министрлігі басын айтып, соңын үнсіз қалдырды. Қалай жұмыс істесеңдер де өздерің білесіңдер деп отыр. Мысалы қараңыз, Қарағанды облысының Нұра ауданындағы бір мектепке 3 парта қажет екен. Оған кім барады? Пайдасынан шығыны асып түседі. Осы жақтары реттелмеген. Демек мемлекеттің қаржысы қалай болсын солай жұмсалып жатыр.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде қымбат үй мен бағалы көлік иеленгісі келген шенеуніктердің атышулы істері халық есінде. Петропавл әкімдігі екі көлікті 23 миллион теңгеге сатып алмақ болған еді. Хабарландыру осыдан 4 ай бұрын мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған болатын. Ал Павлодар әкімдігі қос қабатты элиталық үйді 50 миллион теңгеге сатып алған еді. Екі оқиға да жұрттың наразылығын тудырған болатын. Осы тендер мәселесін Мемлекет басшысы Жолдауда да көтерді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

2018 жылы Мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңге болды. Оның ішінде 3,3 триллион теңге, яғни 75 пайызы бір көзден алу жолымен жүзеге асырылған. Демек бәсекеге қабілетсіз тәсілмен жүргізілді. Шенеуніктер үшін «майшелпекке» айналған мұндай әрекетті тоқтатын уақыт келді.

Демек Мемлекеттік сатып алулардың 75 пайызында жемқорлық сипат бар дегенге саяды. Бұл тендерді жеңдер деп ұғатындардың қатары әлі де азаймай тұр дегенді білдірсе керек.   

Ахметжан Есімов, "Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасы: 

Мемлекеттік сатып алу — ол мемлекеттік органдарға байланысты. Ал енді ашық тендер бар. Оған елдің бәрі қатысады. Оны біз 2,6 есеге көбейттік. Соның арқасында жаңағы айтқан 120 миллиард ақша үнемдедік. Ал жаңағы таза мемлекеттік сатып алу оған біздің қатынасымыз жоқ. Оны жасайтын министрліктер, комитеттер, оған қатысымыз жоқ.

Демек қазіргі тендер — ебін тапқандар үшін табысқа жетудің ең оңай жолы. Әрі жемқорлық жайлаған жер. Яғни кәсіпкерліктің көркеюіне кесірі көп. Сондықтан жүйеге түбегейлі өзгеріс керек. Көпшіліктің пікірі - осы.   

  Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ 


Хабарламаларға жазылу