Елордада «Еңбек» бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Еңбек» бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдануда

04.09.2019
Елордада «Еңбек» бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдануда

Елордалық Жұмыспен қамту орталығы қала тұрғындарын «Еңбек» бағдарламасына қатысып, қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өтіп, жұмысқа орналасуға шақырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.  

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қабылдайды. 

Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп жатқан бағдарламаға қатысушыларға ай сайынғы 21 787 теңге көлемінде шәкіртақы төленіп, оқу аяқталған соң біліктілігі туралы куәлік беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. 

Сондай-ақ жұмыссыздар 100 АЕК, 29 жасқа дейінгі жастар, АӘК алатын аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі еңбекке жарамды тұлғалардың 200 АЕК мөлшерінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу мүмкіндігі бар. 

Бағдарламаға қатысу үшін жеке куәлік, білімін растайтын диплом, еңбек кітапшасының түпнұсқасы мен көшірмелерін ұсыну керек. Толық ақпаратты Халықты жұмыспен қамту орталығынан білуге болады. 

Хабарламаларға жазылу