Швецияда қазақ киноларының фестивалі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швецияда қазақ киноларының фестивалі аяқталды

03.09.2019

Ауқымды шараны «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Қазақстанның Швециядағы елшілігі мен осы мемлекеттегі отандық жастар қауымдастығы бірігіп ұйымдастырған еді. Төрт күн ішінде шведтер қазақтың тарихынан, бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды туындыларды тамашалап, қазақ киносының әлеуетіне тамсанды. 

Бұл Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша түсірілген Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмі. ХV ғасырдың тарихи оқиғаларын, Қазақ ордасының жеке-дара шығу сәттерін аса көркемдікпен баяндайтын туынды. Шведтер кинодастаннан тағдыры тұйыққа тірелген халықтың зарын сезініп, елі үшін қасық қаны қалғанша айқасқа түскен ерлердің өрлігіне тәнті болды.  

Актер, режиссер Болат Қалымбетовтің «Талан»фильмі де көрерменнің жан дүниесін дүр сілкіндірді. Картина ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде жетім қалған екі ұлдың тағдырын баяндайды. 

Хадиша Бекберген, Швециядағы Қазақ диаспорасының өкілі:

Талантты жастар, жаңа актерларды көріп жатырмын. Дами берсе екен, осылай шетелге келе берсе екен. Үлкен табыс тілеймін сол кісілерге. Сондай жақсы-жақсы фильмдер түсіріле берсін.

Маркус Брюггемейер, Швециядағы Германия елшілігінің қорғаныс жөніндегі атташесі:

Бұл керемет шара. Біз үшін Қазақстанмен жақыннан танысуға таптырмас мүмкіндік. Қазақтың тарихы мен мәдениеті жайлы көп мағлұмат алдым. Қазақстандық актерлардың кәсіби шеберлігіне тәнті болдым. Фильмдерді де өте жоғарғы деңгейде түсірген.  

Фестивальде Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» кинокартинасы, Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі»мен Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал» фильмдері де көпшіліктің көзайымына айналды. «Мұзбалақ» анимациялық туындысы кішкентай балғындарды шаттыққа бөледі.

Диана Әшімова, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ продюсері:

Әлемнің киномайталмандары біздің фильмдері асыға күтеді. Мысалыға, Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі әлі экранға шықпаса да, оны сатып алуға шетелдіктер тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. «Талан» фильміне де Түркия қызып отыр. Яғни, осындай шаралар еліміздің иммиджін арттыруға, Қазақстан киноиндустриясының әлеуетін көпшілікке паш етуге септігін тигізеді. 

Иә, төрт күн ішінде шведтер түрлі жанрдағы туындыларды тамашалап, қазақ киносының ешкімнен кем емес екеніне көз жеткізді. Бейбітсүйгіш халықтың даралығы мен даналығына тамсанды. Фильмдердегі қазақтың байтақ даласы мен ғажап табиғатын өз көзімен көру үшін шведтер Қазақстанға арнайы сапарламақ.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу