1 қыркүйекте Арыстағы барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 қыркүйекте Арыстағы барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылды

03.09.2019

Шағын шаһардағы 10 мың оқушы өздері оқыған білім ұяларында оқуларын бастады. Тағы 2 жарым мың бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттады. Жарылыстан зардап шеккен 16 білім ордасы екі айдың ішінде тұтастай жөнделіп, жаңа келбетке ие болды. 

Бұл Иван Журба атындағы орта мектеп. Алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан оқушылардың қуанышында шек жоқ. Оларды сәулетті ғимарат, жаңарған оқу ордасы қарсы алды. Жарылыс кезінде шатыры мен есік терезесі түгел қирап қалған мектеп танымастай өзгерген. 700 оқушы өз сыныптары мен парталарына жайғасты. 

Эльмира Мырзахметова, Арыс қаласының тұрғыны:

Ғимаратты көріп, әдемі болғанына қатты қуанып отырмыз.. Апайларын көріп. Кешегі жағдай бәріне ауыр тиді. Балаларамыз осындай жағдайды көрмесе екен. 

Ұлбосын Құттыбаева 14 немеренің әжесі. Бүгін бірінші сыныпқа 2 немересін жетектеп әкеп, ұстаздарына табыстады. 35 жыл мектепте физика пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз мектеп ғимаратының жаңарғанына қуанулы.  

Ұлбосын Құттыбаева, Арыс қаласының тұрғыны:

Мектептің ішін түгел аралап шықтым, барлығы жақсы керемет етіп жасап шығыпты. Барлық кәсіпкерлерге рахмет. Жалпы еліме рахмет айтқым келеді. Елімнің арқасында, қазағымның арқасында Арыс халқының қиыншылығы болмағандай болып отыр. 

Арыс қаласындағы мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Самұрақ қазына» ұлттық әл-ауқат қоры атқаруда. Оған 7 миллиард теңге қаржы бөлінген.Бүлінген 68 ғимараттың бүгінде 63-і бүтінделді. Әлі жұмысы аяқталмаған 5 нысан қыркүйек және қазан айларында ел игілігіне беріледі.  

Арман Жетпісбаев, «Самұрық –Қазына» жылжымайтын мүлік қоры ақ-ының басқарма төрағасы:

Осы аптаның көлемінде теміржол вокзалы, батырлар аллеясы, сонымен қатар аудандық емхана құрылысы аяқталады. 

Апаттан зардап шеккен 16 мектептің ағаш терезелері тұтастай пластикке ауыстырылды. Спорт алаңдары жаңартылды. Және білім ұялары жаңа оқу құралдары, жиһазбен жабдықталды. 

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу