Президент жолдауында ауыл шаруашылығын қолдауға басымдық беру мәселесі айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жолдауында ауыл шаруашылығын қолдауға басымдық беру мәселесі айтылды

02.09.2019
Экологиялық таза өнімге сұраныс жыл санап артып барады. Алайда әлемдегі өндіріс көлемі мардымсыз боп тұр. Сондықтан саладағы бәсекелестіктің төмендігін пайдаланып, Қазақстан табиғи таза өнім өндіруге құлшынуы тиіс. Жолдауда басымдық берілген бағыттардың бірі де осы — ауыл шаруашылығын дамыту. Мемлекет басшысы, жерді тиімді пайдаланып, елдегі суармалы жерлердің көлемін 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға жеткізуді тапсырды. Бұл қадамның арқасында ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 4,5 есеге ұлғаюы тиіс.
Шетелден әкелінген мына тың техника – бес аспап. Бір уақытта бірнеше қызметті атқарады. Тұқымды себеді, топырақпен бастырады. Іле-шала соның бойымен су ағатын түтікшелерді жүргізеді. 200 гектар жерге егілген мақта тұтастай тамшылатып суарылады.

Мәдәлі Тәжібаев, жоба жетекшісі:

Артық культивация жасаймыз. Суды 5 есеге үнемдейміз. Және де мақта талшығы 40 пайызға дейін өнімділік береді. Ал бізде Қазақстанда бүгінде 30-32 пайыздан аспайды.

Тың тәсілдің таңғажайыбы сол – жерге себілген дән толығымен өсіп-өнеді. Бұл – өнімділікті арттырады. Мұны ғалам ғалымдары дәлелдеп берді.

Әбдіманап Кочоров, А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының бірінші орынбасары:

Мәселен, бидайды алып қарайтын болсақ, суарылмайтын жерлерді алатын болсақ өнімді Солтүстік Қазақстанда 15 пайыздан аспайды. Тамшылап суару жағдайында оның өнімділігі 40-60 центнер болады. біріншіден өнім, екіншіден сапаны жөндеп алуға болады.

Қазір Қазақстанда 1 миллион 400 мың гектар суармалы жер бар. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 42 пайызы осы жерлерден алынады. Алдағы 10 жылда оның көлемі 3 миллион гектарға жетуі тиіс. Шаруалар бұдан аста-төк өнім алады, ал, құзыретті органдар осы өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға қолдау көрсетеді. Тағы бір айтарлығы, отандық азық-түлік экспортқа шикізаттай емес, дайын күйінде шығуы тиіс. Осы ретте, ауылшаруашылық саласына шетелдік инвесторларды тарту – күн тәртібінен түспек емес. Ал жер ешкімге сатылмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін, жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауасет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету — біздің міндетіміз.

Осылай, жерге қатысты дауға нүкте қойылды. Есесіне, қазақтың шұрайлы қара жерін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Кезінде үлкен жер телімдерін тегін иемденіп, бірақ кәдеге жаратпаған қожайындардан бұл аумақтар мемлекетке кері қайтарылады. Президент осыған пәрмен берді.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу