Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

02.09.2019

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет халыққа Жолдауын жариялады. Президент сөз басында «сайлауалды бағдарламамда халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын» деп айтты. Соның бірі ретінде қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, екіжақты диалогты күшейту үшін бірқатар жұмыс қолға алынады. 

Президент алдағы уақытта митингтер туралы заңды жетілдіру керектігін де айтты. «Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер ондай акциялар заңға қайшы болмаса және азаматтардың тыныштығын бұзбаса, заңнамада көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілуі тиіс. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Парламентке зорлық-зомбылық, педофилия сынды ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату туралы тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз гуманизацияға қатты мән беріп кетіп, азаматтардың негізгі құқықтарын ұмыта бастадық. Бізге есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату қажет. Әсіресе, балаларға қарсы жасалған қылмыстарға қатысты. Бұл жұмысты Парламент пен Үкіметке тапсырамын.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу