Президент Атырау облысына жұмыс сапарымен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Атырау облысына жұмыс сапарымен барады

03.06.2019

Тараздан соң Мемлекет басшысы бірден Атырау өңіріне кетті. Мұнайлы өлкедегі Президенттің жұмыс сапары екі күнге созылады деп күтілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Каспий жобасына кіретін мұнай-газ өңдеу бойынша зауытқа және болашақ мұнайшыларды әзірлейтін APEC PetroTechnic жоғары колледжіне барып, екі нысанның жұмыс барысымен танысады.

Альбина Әшім, тілші:

- Атырау барлық жағынан бізді ыстық құшағын жайып қарсы алып жатыр. Әсіресе, күннің көзі жылуын аямай тұр. Ми қайнатар ыстық, +38 градус болып тұр. Ал кей елді мекендерде синоптиктер сынап бағанасы +40-қа дейін барады деп ескертті. Ал енді Президенттің жұмыс сапарына тоқталсам, №1 борт санаулы минуттан соң Атырауға қонуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан тікұшақпен мұнай мен газ өңдейтін «Болашақ» зауытына ұшып барады деп жоспарланған.

Бұл жерде жылына 22 миллион тонна мұнай өңделеді және шамамен алты миллиард текше метр газ әзірленеді. Ал күкірт өндірісін жылына бір миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар.

Зауыттан соң Мемлекет басшысы APEC PetroTechnic жоғарғы колледжіне барады деп күтілуде. Бұл оқу орны 2012 жылы ашылған. Колледжде қазір 858 студент мұнай мен газ саласына қажет техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Осы күнге дейін 700-ден астам студент түлеп шықты. Олардың 97 пайызы еліміздің ірі халықаралық кәсіпорындарында жұмыс істеп жүр. Міне, Президент білікті мамандарды әзірлейтін колледждің жұмысымен танысады. Сапардың барысы жайлы толығырақ қорытынды жаңалықтарымызда баяндап беремін. Сондықтан 20:00-де Ұлттық арнаны қосуды ұмытпаңыздар.

 

Хабарламаларға жазылу