Қазақстан Президенттігіне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат шаралары әлі де қызып жатыр. Өңірлерді аралап жүрген кандидаттар сайлаушылармен кездесіп, өз бағдарламаларының тиімді тұстарын таныстыруды жалғастыруда. Құжат халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталған. Әлбетте, ел тарапынан ұсыныс-тілектер тыңдалып, өзекті сауалдарға жауап беріліп жатыр.
Шығыс Қазақстан - экологиялық ахуалы асқынып тұрған өңір. Мұндағы зауыттан және көліктен шыққан түтін, халықтың денсаулығына кері әсірін тигізіп жатыр.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы:
Біздің кандидатымыз өзінің сайлауалды бағдарламасында таза қоршаған ортаны қалыптастыруға басымдылық беретінін айтып отыр. Бұл бағыттарда Қазақстанның заңдарын әрі қарай жетілдіруге үлкен көңіл бөлінетін болады. Халықаралық стандарттарды біздің заңдарымызға енгізуге байланысты біраз жұмыстарды жасауымыз керек деп өзінің бағдарламасында кандидатымыз көрсетіп отыр.
Игі жоспар іске асарына мұндағы жұрт күмән келтірмейді. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев - әр бастаған жұмысынан нәтиже шығаратын саясаткер.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшесі:
Ол кісінің үлгі алатындай үлкен өмірбаяны, қай салада болмасын, қай қызметте болмасын, өзін үлкен биіктен көрсете білген Елбасының сенімді серігі болып келе жатқан азаматымыз.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы барлық саланы қамтыған болса, соның ішінде жұмысшы қауымның жағдайына назар аударуы бекер емес.
Білімді мыңды жығады. Бұл әфсана өзінің құндылығын еш уақытта жоғалтпаған, жоғалтпайды да. Колледж студенттерімен кездесуде кандидат осы мәселе төңірегінде ой өрбітті.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:
Қазіргі кезде біз балабақшадан бастап, орта білім беретін мектептер және ЖОО-ның барлығы бір жүйеде жұмыс атқарғаны дұрыс деп санаймыз. Біздің білім саласындағы реформалар тоқтамаса, біз тек реформалар үшін өмір сүрген болып кетеміз.
Шәкіртақыны көбейту, жатақхана орындарымен қамту және диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасу. Жастар да қарап қалмай, өздерін мазалаған көкейкесті мәселелерді ортаға салды.
Тамкинахон Сафарова, студент:
Бізге еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасу өте қиын. Оқу бітіргеннен кейін қызметке алмайды. Ал жұмыс істемесек, стажды қалай жинаймыз? Міне, сондықтан да көптеген студенттер мамандық бойынша істемейді.
Жиын соңында колледж студенттері мен кандидат естелік суретке түсті
Көлді ауылында 2008 жылдан бері ауыл шаруашылығы бойынша білім орталығы жұмыс істеп келеді. Жерлігікті шаруалар салаға қатысты сұрақтарына осы жерден жауап табады. Төлеутай Рақымбеков енді осындай мекемелерді еліміздің барлық аудан орталықтарында ашу керек деген пікірде.
Қаламқас Исаева, Президенттікке үміткер Т.Рақымбековтің өңірлік штабының жетекшісі:
Біз ойлаймыз, осындай семинар жиі-жиі өткізсе, одан кейін үгіт-насихат дейді ғой, сол жұмыстарды жүргізсе, бәріне жетеміз деп ойлаймын.
Ал «Оңтүстік» агропаркі бұл білім беру орталығының тәжірибе алаңы десек те болады. Арнайы аумаққа отандық мамандар ойлап тапқан ондаған тұқым егіліп, нәтижесі шаруаларға таныстырылып жатыр.
Төлеутай Рақымбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:
Біз қанша жылдан бері ғылым, білім және өндірістің интеграциясы жөнінде айтып жүрдік. Осы интеграция қалай болады? Қандай түрде болады? Қандай механизмдер арқылы болады деп.
Бұған қоса, үміткер арнайы ұшаққа отырып, авиацияның саладағы маңызы туралы да айтып берді.
Ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалуы тиіс. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, жұмыссыздық мәселесін де шешеді. Дәния Еспаеваның Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Азат Перуашев тұрғындармен кездесуде осылай пікір білдірді.
Азат Перуашев, ҚР Президенттігіне үміткер Д.Еспаеваның сайлауалды штабының жетекшісі:
Бұл салық арқылы саясатымызды өзгерту. Қазіргі кезде мұнайшылар болсын, металлургтер болсын, олардың төлейтін қосымша құн салығы, мәселен, ауыл шаруашылығымен айналысатын өнім өндірушілер де бірдей салық төлейді. Меніңше, бұл дұрыс емес.
Бүгін үгіт тобы ауылдағы ағайынмен жүздесті. Кездесуде кәсіпкерлікпен қоса, әлеуметтік салаға қатысты жайттар да қозғалды.
Гүлмира Құдайбергенова, Байзақ ауданының тұрғыны:
«Кәсіпкерлерді қолдаймыз, көпбалалы аналарды қолдаймыз, олар зейнетке ерте шықсын» дегені маған ұнап тұр.
Сондай-ақ, отандық өнім өндірушілерді қолдап, жеке кәсіп ашқысы келетін азаматтарға да демеу болады.
Батыс Қазақстан облысы – Әміржан Қосанов сайлауалды науқан аясында ат басын бұрған соңғы аймақ. Осыған дейін «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің өкілі Алматы, Қарағанды, Қостанай және басқа да өңірлердің жұртшылығымен кездесті.
Әміржан Қосанов, ҚР Президенттігіне үміткер:
Осы сайлаудың ерекшелігі, еңбек ұжымдарымен кездесулер болып жатыр. Ол еңбек ұжымдарының өзінен шығып жатыр. Яғни, біріккен ұжымдасқан кездесулер болып жатыр. Әртүрлі тақырыптар көтеріледі.
Үміткер мен сайлаушы көзбе көз кездескен бүгінгі жиында сайлауалды бағдарлама сөз болды. Басымдық берілген бағыттар талқыланды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, экономикаға басым басымдық берілген.
Асылбек Каресов, қала тұрғыны:
Ғаламтордан Әміржан Қосановтың бағдарламасын көрдім. Бағдарламада көрсетілген істердің барлығы жүзеге асса, жақсы, әрине. Басқа да кандидаттардың бағдарламасы жаман емес. Бәрі сайлауға тас түйін дайын екенін көрсетіп жатыр.
Әміржан Қосановтың сенімді өкілдері бағдарламаға қатысты және тұрғындарды қызықтырған өзге де сұрақтарға жауап беруге әзір. Басқа дерек үміткердің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазулы тұр.
Рәміздерді ұлықтау жаппай сипат алуы тиіс. Бұл - мемлекеттің тұтастығының кепілі. Аманкелді Таспиховтың сайлауалды штабының үгіт-насихат жұмысы бүгін Нұр-Сұлтанда мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге арналды.
Серікқали Мұқашев, А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штабы жетекшісінің орынбасары:
Бүгінгі үлкен мереке - мемлекеттік рәміздер күнінде жер-жерде шаралар өтіп жатыр. Осыған орай біз де кәсіподақтардан ұсынылған Таспиховты қолдау акциясын ұйымдастырдық.
Қазір бюджеттік мекеме қызметкерлерімен салыстырғанда мұнай-газ саласындағы еңбеккерлердің айлығында айтарлықтай алшақтық бар. Таспиховтың сенімді өкілдері Жетісу жерінде осы мәселені көтерді.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Кәсіподақтар федарациясы төрағасының бірінші орынбасары:
Мысалы, бізде елімізде 168 мың теңге орта жалақы дейміз. Бірақ көпшілік ол жалқыға да қол жеткізе алмайды. Себебі орта есеппен болған. Көпшілігі 100 мыңның төңірегінде алады.
Бүгінде Алматы облысында 14 салалық кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Оған 90 мыңға жуық адам мүше.
Домбыра - қазақтың жүрегі. Он саусағынан өнер тамған хас шебер Тұрлан Бейсенбаев домбыра жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Президенттікке үміткер Сәдібек Түгел шеберлік сабағын күй атасы Құрманғазы, Дина апамыз дүниеге келген өңірде ұйымдастыруды өзі ұсынды.
Тұрлан Бейсенбаев, күйші:
Біздер домбырымызды басқалар тартып, басқалар жасап кетсе, домбырамыздан айырылып қаламыз ғой. Сол үшін өзіміз жасап, өзіміз тартуымыз керек. Бұл зат емес, аспап. Бірінші, дыбысқа мән беру керек.
Ұлттық аспапта ойнау аздық етеді. Оны жасаудың қыр-сырын жас ұрпақ біліп өсуі қажет.
Сәдібек Түгел, ҚР Президенттігіне үміткер:
Біздің мақсат - сол рухани байлықты жиып-теріп, сол ата-бабадан қалған қаз қалпында Құрманғазы атамыз, Дина апамыз жинаған сияқты болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсыруымыз керек. Егер сол домбыраға үйретсек, онда жерді сүюге, өзінің отанын сүюге, өзінің ұлтын, салт-дәстүрін сүюге тәрбиелейміз. Ертең халқын сүйетін үлкен азамат болады.
Сәдібек Түгелдің айтуынша, әрбір азамат ана тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларын біліп, қастерлеп өсуі қажет.