Ғарыш алыс па? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғарыш алыс па?

08.06.2019

Қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған  қазақ елі, аңдатпада аспан туралы айтамыз дедік, ғарышкерлердің бұрын ешкім естімеген сырларын біліп қайтамыз дедік. Әуелде "ғарыш-алыс" деген түсінік бар-тын. Темір тұлпарды тізгіндеп, Күніміз қайда біздің деп салып кетсеңіз, 212 жылдан астам уақыт жолда жүйткуіңіз керек екен. Қашық. Қашық та болса, адам ғарышқа ғашық. Содан ғой, 2030 жылға қарай Айда қала салуды жоспарлан айды аспанға шығарғандар бар. Хош, ғарыш пен ғарышкердің жыры, Байқоңыр мен ондағы қазақтың мұңы бүгін біздің «Мәселе».

Маймыл, мысық, ит, тасбақа. Ғарыш туралы тақырыпты қаузағанда, бұл төртеуін студияға текке түгендеп әкелгеніміз жоқ. Бұлар аспанды бағындырамын деген адамдарды, ғарышқа жасалған алғашқы қадамдарды өз бастарын қатерге тігіп тексерген тұңғыш тірі жаратылыстар. АҚШ, Кеңес Одағы, Иран, Франция, Аргентина сынды аспан асуға құмартқандар осы төрттікті ондаған жыл бойы ғарышқа ұшырып-қондырып сынады. 

1961 жылдың 12 сәуірінде Гагарин ғарышқа ұшқан алғашқы адам болды. Аспанды бағындыру, кім мықтыны дәлелдейтін сайысқа айналғанда, әлемдік державалар аянып қалмады. 1969 жылдың 21 шілдесінде АҚШ-тыңң "Аполлон-11" ғарыш кемесі айға қонып, ғарышкерлер тарихта тұңғыш рет өзге аспан денесіне аяқ басты. Американың осы жетістігін ондаған жыл мойындамай, "олар айға бармады бұл жәй ғана студиядағы түсірілім мен сәтті монтаж" деп дауласқандар көп. Жоққа шығарған нақты факті болмаған соң, біз адамның айға барғанына сенеміз.

Адам да, зат та салмақсыздыққа ұшырайтын ғарышта адамзат үшін талай салмақты жаңалықтар ашылды. Қызық фактілер де тіркелді. Мәселен, 1992 жылы АҚШ азаматтары Марк Ли мен Джен Дейвис ғарышқа ұшқан алғашқы ерлі-зайыптылар болды. Қазір де, ғарышқа  шығып жерді алақандағыдай көргісі келетін қалталылар қаптап жүр. Ақша болса, алақанда сорпа қайнайды демекші, олигархтардың арманын орындауға асығатындардың саны артты. Соның бірі - Джефф Безос. Оның аэроғарыш компаниясы New Shepard ғарыш кемесін сынақтан өткізіп бәйек болуда. Reuters агенттігінің хабарлауынша, биылдан бастап ғарышқа ұшқысы келетін туристерге билет сатылады, бір жолдаманың құны 200-300 мың доллар көлемінде болады, бір капсулаға 6 адам отыра алады екен. Туристерді тиеген New Shepard ғарыш кемесі Жерден 100 шақырым биіктікке көтерілетіні және айтылды.

 

Осы тұста қазақта жаһанды жанарына сыйғызға үш адам барын білеміз. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов. Аспанға ұмтылған туристер туралы тілдескенде қазақтың батырларын айтпасқа болмайды.  2001 жылы ғарышқа ұшқан Талғат Мұсабаев әлемдегі тұңғыш ғарыштық турист АҚШ азаматы, миллиардер Деннис Титоны өзімен бірге аспанға ала кеткен еді. Сөйтіп, қазақ баласы ғарыштық туризм ғасырын ашты.

Хабарламаларға жазылу