Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы бүгін сайлауға келіп, дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы бүгін сайлауға келіп, дауыс берді

09.06.2019

Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік лауазым иелері да халықпен бірге таңдауын жасады. Бүгін қазақстандықтардың болашағы шешілетін тарихи күн. Сол себептен, барлығы маңызды сәттен сырт қалмауға тырысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Елбасы биылғы сайлаудың мәні бөлек,- деді. Өйткені бұл жолғы саяси аламанға тұңғыш Президент қатыспады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан болашағының жарқын боларына үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы:

Бүгін барлық Қазақстан халқы Президент сайлауына қатынасып жатыр. Әр уақытта әр елде мұндай сайлау деген тарихи шешім болып табылады, халық үшін, ел үшін. Учаскелерге келіп, Президентті сайламайды, өзінің тұрмысын, тағдырын, болашаққа деген үмітін көрсететін болады.

Мен білемін біздің халқымыздың ойы ел аман, жұрт тыныш болса, еліміз өркендеп осылай өсе берсе, жақсылық болса әр жанұяда, еліміз өркендеген сайын халықтың әл-ауқаты жақсара берсе деген ойда.

Биылғы сайлаудың мәнісі өз алдына басқа. Өздеріңіз білесіздер, мен өкілеттілігімді тоқтатып, келесі буынға жол бердім. Ол дұрыс. Ол шешімді бүкіл дүние қолдап жатыр. Сондықтан бүгінгі сайлау сәтті өтсін.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин де сайлауға ерте келді. 111 сайлау учаскесінде жұртпен бірге таңдауын жасады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов таңғы сағат 10-нан аса Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Комитет төрағасы бүгінгі науқанның ел тағдыры үшін маңыздылығын айта келе, барша қазақстандықтардың сайлауда белсенділік танытатынына сенім білдірді.

Ал шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов қаладағы барлық учаскелерде теңдей жағдай жасалғанын айтты. Өзі де келіп, дауыс берді.

Ел болашағына бей-жай қарамайтын басқа да мемлекеттік лауазым иелері бүгін белсенді түрде дауыс берді.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу