Осы уақытқа дейін Қарағанды облысындағы сайлаушылардың 72, 8%-ы дауыс беріп үлгерген. Сол өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы қазір бізбен байланысқа шығады.Руслан, сөз тізгіні өзіңде.
Иә, Облыс бойынша 787 сайлау учаскесінің жұмысы жалғасуда. Оларда 930 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Біз қазір №66 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда 2600-ден астам сайлаушы бар. Дәл осы учаскеге ШЫҰ байқаушылар келіп, жұмысымен танысып, материалдық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді. Байқаушылардың өтіп жатқан сайлау туралы пікірін алдын-ала жазып алған болатынбыз. Қазір режиссер әріптестеріміз назарларыңызға ұсынса.
Кришна Кенгаппа халықаралық байқаушы, ШЫҰ:
Қазақстан ШЫҰ-да үлкен рөл атқарады. Осы ұйымның жетекші елдерінің бірі болып табылады. Жақында Нұр-Сұлтанда ШЫҰ көшбасшыларының кездесуі өтті. Онда Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі ерекше екені айтылды. Себебі, ол Орталық Азияның ең ірі елдерінің бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл сайлау өте маңызды. Біз Қарағанды облысында сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқымыз келеді. 24 сайлау учаскелерінде болдық. Барлығы материалдық-техникалық жағынан жақсы жарақталған. Сайлау талаптарына қайшы әрекеттерді, өрескел заңбұзушылықтарды көрмедік.
Айта кету керек, облысқа 30 халықаралық байқаушы келіп қатысуда. Олар қала, аудандарды да аралады. Сайлауға соғыс және тыл ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, бүгін қоғамдық көліктер де жолаушыларды тегін тасмалдады. Мендегі ақпарат осы. Енді Семейлік әріптесім Ержанға сөз кезегін беремін.
- Рахмет, Руслан! Семейдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру әлі жалғасып жатыр. Қолда бар ақпаратқа сай сайлаушылардың 50 %-ға жуығы түске дейін келіп өз таңдауларын жасаған. Жалпы қала бойынша 149 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Біз қазір қалалық аумақтық сайлау комиссиясында тұрмыз. Науқанның қалай өтіп жатқандығын комиссия төрағасы Зейнолла Қалымбекұлынан біліп көрейік.
- Зейнолла Қалымбекұлы саяси науқанның барысы қалай?
Зейнолла Қалымбекұлы, қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
Семей қаласында, әсіресе, Президентімізді сайлағанда халықтың белсенділігі өте жоғары байқалды. Мен өзім сайлауда бірнеше рет қатыстым. Соның ішінде , әсіресе, Президент сайлауы деген белсенділік айтарлықтай. Қазір осы мерзімге 63,7 %-ы біздің сайлаушылар дауысын берді. Әлі де біраз уақыттары бар. Сондықтан өз үнін, біздің болашағымыз үшін, ісіміз үшін біздің семейліктер өз даусын толық береді деп сенемін.
Қалаға сайлаудағы заңдылықтарды қадағалау үшін алыс жақын шет елдерден келген байқаушылар жұмыс істеп жатыр. Қолда бар мәліметке сәйкес сайлау учаскелерінде ешқандай заңсыздық тіркелмеген. Алда әлі тың ақпараттар болып жатса хабарлап отырамыз.
Ержан ЖАҚЫП
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ