Ақмолалық Әйтеновтер отбасы сайлауға белсенді қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмолалық Әйтеновтер отбасы сайлауға белсенді қатысады

09.06.2019

Сайлау - жалпыхалықтық шара. Саяси науқанның ұжымдарда, отбасыларда талқыланатыны сөзсіз. Ақмолалық Әйтеновтер жанұясы сайлауға жауапкершілікпен қарайды. Елімізде өткен бірде-бір сайлаудан тыс қалған емес. Бүгінгі президентті таңдау күні де туыстар бас қосып, учаскеге барып өз дауыстарын берді.

Әйтеновтер - үлкен әулет. Ағайын-бауырлары жан-жақта тұрады. Ал бір учаскеде дауыс беретін туыстар сайлауға жиналып баруды дәстүрге айналдырған. Бүгін де солай жалғасты. Отбасының үлкені Самат Әйтеновтың айтуынша, сайлаудың маңыздылығын әрбір қазақстандық жіті түсіну керек. Сондықтан отандастарын саяси науқанда белсенді болуға шықырады.

Самат Әйтенов, сайлаушы:

- Халықтың бәрі келу керек. Сайлауға белсенді қатысып, балалармен келеміз. Елін сүйген азаматтардың барлығы дауыс береді деп есептейміз.

Бұл отбасының сайлауға балалармен баруының салмақты себебі бар. Олардың айтуынша, қазір балалар саяси науқанның қыр-сырын толық түсінбегенімен, жалпы түсінік алады. Сайлау мәдениеті қалыптасады. Әйгерім Әйтенова жас болса да сайлауларға белсенді қатысады. Бұл жанұялық тәрбиенің нәтижесі болса керек.

Әйгерім Әйтенова, сайлаушы:

- Жастар да әр сайлауға қатысу керек деп ойлаймын. Біз өзіміз отбасымызбен әр сайлау сайын келіп, осы сайлауға қатысып отырамыз.

Әйтеновтер дауыс берген учаскеде өзге сайлаушылар да таң сәріден келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Кезек қалыптасып қалған сәттер де болды.

Ақмола облысы бойынша 724 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылардың саны - 480 мың шамасында. Түске дейін тұрғындар белсенділік танытуда. Әсіресе, Көкшетау мен Степногорск қалаларында және Бурабай ауданында сайлауға қатысу көрсеткіші жоғары.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу