Елімізде бірнеше рет сайлау өтсе де, кейбір тұрғындар дауыс беру тәртібін білмейді. Сайлаушылардың арасында бір өзі, отбасы мүшелері үшін дауыс берем деп келетіндер де бар екен. «Мұнан бөлек, бюллетеньге бірнеше кандидатты белгілеп, шимайлап кететіндер де кездеседі», - дейді мамандар. Тілшіміз Сәуле Алдамұратқызы елордадағы сайлау бөлімшесінің басшысымен кездесіп, дауыс беру кезінде нені ескеріп, неден бас тарту керектігін біліп келді.
Сайлаушы тек өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша ғана дауыс береді. Яғни, үйіңіздің маңындағы сайлау бөлімшесіне барасыз. Ал қаладан шығып кеткен азаматтардың қолында өзінің сайлау бөлімшесінен босатылғаны туралы анықтамасы болу керек. Ол құжатсыз - барған өңірінде дауыс бере алмайды.
Сәния Түктібаева, №67 Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:
- Шағын ХҚКО дейді, сонда анықтама қағазын беретін адамдар отырады. Сол кісілерге қарай өтеді де, өзінің қолындағы төлқұжатын көрсетіп, егер тізімде жоқ адам тіркеуде болатын болса, қолындағы қағазын алып, сол анықтама қағазы бойынша қосымша тізім болады, сол тізімге өзіміз қосамыз да, содан кейін қолдарына бюллетеньдерін беріп, олар дауыс берулеріне болады.
Таңдауға келсек, бірнеше үміткердің атын белгілеуге жол жоқ. Олай істейтін болсаңыз, еңбегіңіздің еш кеткені.
Сәния Түктібаева, №67 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:
- Бюллетеньді алғаннан кейін дауыс бергісі келген кандидатқа емес, басқа адамға беріп қоюы мүмкін. Бізге келіп айту керек. Біз ауысытырып береміз. Бюллендерді санау кезінде кейбір бюллетендері шимайланған болады, екі адамға берген болады. Ол есепке алынбайды.
Ерекше қамқорлықты қажет ететін жандар да назардан тыс қалмайды. Олар түскі сағат 12:00-ге дейін сайлау бөлімшесіне өтініш түсіреді. Содан кейін мамандар жылжымалы жәшікті сол үйге алып барады.
Сәуле Алдамұратқызы, тілші:
- Естеріңізде болсын, әрбір сайлаушы тек қана өзі дауыс береді, дауыс беру құқығын басқа адамға беруге болмайды. Осыған дейінгі сайлауларда үйдегі ата-әжем үшін, алыстағы бауырымның атынан дауыс берейін деп келгендер болыпты. Сол себепті дәл қазір үйден шығып, сайлау бөлімшесіне келіңіз. Өз дауысыңызды беріңіз.