Зиялы қауым өкілдері сайлау туралы пікірлерін білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зиялы қауым өкілдері сайлау туралы пікірлерін білдірді

10.06.2019

Кезектен тыс Президенттік сайлаудың биыл өтуі келесі жылға қалдыруға болмайтын көптеген мәселелерді қоғам алдына шығарды. Сондықтан сайлауды өткізгеннен кейін осы түйткілдердің түйінін тарқатуға уақыт оздырмай кірісу қажет. Бұл сайлау науқанына қатысты пайым, пікірлерін білдірген зиялы қауымның сөзі. Ғалымдардың пікірін тілші Нұрлан Асқарұлы тыңдап келді.

Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрынов биылғы сайлаудағы халықтың белсенділігі жоғары болды,- дейді. Оның ойынша, әрқайсының  нақты талаптары да бар. Бұл - орынды. Себебі, біз дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек, ең әуелі әлеуметтік мәселелерді реттеп алуымыз керек.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті:

Енді, әрине, әртүрлі пікірлер болады, халық көпшілік болғаннан кейін әртүрлі болады. Оның барлығы бірдей болады деп, ондай еш жерде жоқ, болмайды да ешуақытта. Бірақ біз осыны былай ескеруіміз керек. 70 %-ы Тоқаев мырзаға дауыс берді. Ал енді 30 %-ы берген жоқ. Олар да біздің азаматтарымыз. Сондықтан олардың пікірлерімен санасамыз. Олардың пікірлерімен жұмыс істеу керек. Әркім өзінің пікірін айтуға құқылы.

Жалпы, бұл сайлау елімізде түрлі көзқарастар мен мәселелер бар екендігін байқатты. Себебі, бұл - бүгінгі қоғамның келбеті. Алайда, әлеуметтік мәселелерді шешуде елімізге, ең бірінші, бірлік қажет екендігін естен шығармаған абзал.

Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы:

Басымыз көп ырду-дырдуға салып, жан-жаққа тарта бермей, реті келсе, осы бірігіп, көп нәрсені шешуіміз керек. Оппозиция болады, болмай тұрмайды, қай елде болса бар. Бірақ конструктивті. Бірге қызмет атқаратын алға қарай жылжитын оппозиция болғаны жөн. Өйткені, олар да Қазақстанның азаматы, әрқайсының өзінің бақытты болуға, өсіп-өнуге құқығы бар. Сондықтан, ешкімді шеттетуге де болмайды. Бір демократиялық дамыған өркениетті елге айналсақ, онда сайлаудың өзінің нәтижесіне қол жеткізгені деп есептеймін.

Жалпы, қазір технологияның дамуына байланысты өзгерген әлеуметтік мәселелермен қатар, әлемдік қауымдастықтың мүшесі саналатын біздің қоғамның да әлеуметтік қажеттіліктері жыл сайын өзгеріп келеді. Сондықтан дидары өзгерген әлемдік көштен қалмаймыз десек, бұл өзгерістерді тез түсініп, соған сай бағдарламалар түзу міндеті тұр. Сондықтан сайлауда белсенділік танытқан халық осы мәселелерді реттеуде де белсенділік таныту керек, дейді зиялы қауым.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу