Шығыс Қазақстанда сайлаудың өту барысын «Аманат» азаматтық платформасының мыңға жуық өкілі бақылады. Олардың айтуынша, саяси шараға мониторинг жүргізу оңай болған жоқ. Себебі облыстың аумағы өте үлкен және кейбір сайлау учаскілерінде техникалық мүмкіндіктер төмен болды. Сол себептен кейбір байқаушылар штабпен 2 сағат сайын байланысқа шығып тұрудан қиналған.
Дегенмен, азаматтық платформа мүшелері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шыққандарын айтты. Тіпті сайлау бөлімшелерінде 2 келеңсіз жағдайды анықтапты. Біріншісінде, бүкіл отбасының дауыс берушілер тізімінде болмай қалғанын байқап қалып, комиссия мүшелеріне ескерту жасаған. Ал екінші факті бойынша қазір тексеру жүріп жатыр.
Аяужан Әшімова «Аманат» азаматтық платформасының аймақтық штаб жетекшісі:
- Облыстағы учаскілердің бірінде бірнеше бюллетенді жәшікке салып жіберу фактісі тіркелді. Бұл жағдай бойынша акті жасалды және тиісті органдарға хабарланды. Біз қазір нақты қай учаске, қай сайлау комиссия екенін сіздерге айта алмаймыз. Себебі тергеу жұмыстары жүргізілу керек, сосын қосымша хабарлаймыз.
Берік КӨШЕРБАЙ