Ұлықтау рәсімінде Президент қоршаған ортаның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Халықты таза ауызсумен қамтып, жол сапасын жақсарту - алдағы негізгі міндет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуы үшін басты бағыттарды атады.
Халықтың табысын арттыру. Президент тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болатынын айтты. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізілетінін де жеткізді.
Сондай-ақ, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау да маңызды екенін атап өтті. Жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты лайықты жалақымен қамтамасыз етуді қарастырды. «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аудару қажет»,- деді. Әділетті әлеуметтік саясат жүргізуге де айрықша көңіл бөліп, өңірлерді дамытудың жаңа бағдарын сипаттады.
Сондай-ақ, жас ұрпақты тәрбиелеуде «Рухани жаңғыру» құндылықтарын насихаттау керектігін айтып, ішкі саясатты дамыту, жастарды қолдау мәселелеріне тоқталды.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ