Қырғызстан тауларында жоғалған альпинистерді құтқару операциясы жалғасуда. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Қырғызстан тауларында құтқару операциясы жалғасуда. ҚР Қорғаныс министрлігінің үш әскери альпинисі Хан Тәңірі шыңынан төмен орналасқан «Қарқара» базалық лагеріне жеткізіледі. Осы жерден олар «Қазавиақұтқарудың» МИ-703 (171) тікұшағымен шекарадан өтетін «Кеген» пункті арқылы Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Қаракөл қаласына жіберіледі. Құтқару отряды жоғалған альпинистер тіркелген «AK-SAI TRAVEL» туркомпаниясының лагеріне барады. Олар қажетті қондырғылармен толық жабдықталған. Құтқарушылардың шыңға шығуда тәжірибе жинақтаған нағыз мамандар екенін атап өткім келеді. Топты Мақсұт Жұмаев басқаруда»,- деп жазды Алматы әкімі.