Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың туғанына -107 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың туғанына -107 жыл

26.08.2019

Биыл көрнекті мемлекет және  қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың  туғанына — 107  жыл. Осыған орай, белгілі қаламгерлер мен ғалымдар және Алматы облысы, Қарасай ауданының жұртшылығы біртуар тұлғаны еске алып, дүбірлі шараның өтуіне ұйытқы болды. 

Тарихтан тағылым тартып, тұлғаға тағзым ретінде өткен ауқымды шарада танымал өнерпаздар көпшілікке концерт қойды. Сонымен қатар, елдің әр қиырынан келген атбегілер шашасына шаң жұқтырмайтын дүлдүлдерін аламан бәйгеге қосты. Ал жеңімпаз атанған шабандоздарға қаржылай сыйлық берілді.  

Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын:

Алаш арыстарынан кейінгі жадап-жүдеп қалған кеңістігімізді сақтап, соны Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған тәуелсіздік дәуіріне аман-сау жеткізген және қаншама қайраткерлерді дайындаған ұлы ұстаз болған тұлға. Біз осындай шаралар ұрпақ үшін пайдалы екенін білеміз.

Дінмұхамед Ахметұлы — Қазақ елінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тау тұлға. «Қайраткер саналы ғұмырында мемлекеттің гүлденіп, өркендеуіне үлкен үлес қосты», - дейді қаламгерлер.

Ерғали Сағат, жазушы-публицист:

Димаш Ахметұлы Қонаевтың есімі қазақтардың жүрегінде мәңгі өшпейді, жанып тұрады ғой деген сеніміміз бар. Оған, міне, бүгін көріп отырсыздар, жиналған 3 мыңға жуық халық, оның үстіне тек Алматы қаласының, Алматы облысының тұрғындарығана емес,  көршілес аймақтардан, көршілес облыстардан келіп, өзінің ниеттерін білдіріп, асқа қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылар алып тұлғаны насихаттауға үлес қосқан азаматтардың кеудесіне төсбелгі тақты. Олардың сөзінше, мұндай игі бастамалар өскелең ұрпақ үшін өнеге. Сондықтан шараны жиі өткізіп, дәстүрге айналдырмақшы.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу